«Жуалы ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» Жуалы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 18 наурыздағы № 18 - 7 шешіміне өзгерістер енгізу туралы
Жуалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. «Жуалы ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» Жуалы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 18 наурыздағы № 18 - 7 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5179 - 08 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Жуалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидаларын бекіту туралы»;
көрсетілген шешімнің 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
1. Жуалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.»;
көрсетілген шешімнің қосымшасында айқындалған Жуалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. «Жуалы аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы шешім Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы шешімді ресми жарияланғаннан кейін оны аудан мәслихатының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жуалы ауданы әкімінің осы саланы жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Жуалы аудандық мәслихатының төрағасы
З. Бурлибаев
Жуалы аудандық
мәслихаттың 2024 жылғы
8 мамырдағы № 66-4
шешіміне қосымша/
Жуалы аудандық
мәслихаттың 2024 жылғы
18 наурыздағы
№18-7 шешіміне қосымша
Жуалы ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, көрсетілетін қызметті алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
ағымдағы және жинақтау жарналарын;
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Жуалы ауданы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесімен (бұдан әрі –қызмет беруші) жүзеге асырылады.
2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
3. Қызмет алушының жиынтық табысын қызмет беруші "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағида) айқындалған тәртіппен есептейді.
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушының осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі көрсетілетін қызметті алушының жиынтық табысына 5 (бес) пайыз мөлшерінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегінің мөлшері көрсетілетін қызметті берушімен Қағидалардың 4-1-тармағына сәйкес есептеледі.
5. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтер өтемақысы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.
6. Тұрғын үй көмегін тағайындау толық ағымдағы тоқсанға жүргізіледі, бұл ретте көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісі мен коммуналдық қызметтерінің өткен тоқсандағы шығындары есепке алынады.
7. Тұрғын үй көмегі көрсетілген қызметті алушыға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның шінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау қызмет алушыға тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
9. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді қызмет беруші екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды қызмет алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырады.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.