«Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы» Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2022 жылғы 13 маусымдағы № 127 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Түркістан облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы» Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2022 жылғы 13 маусымдағы № 127 қаулысына келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулының «Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ереже» деген қосымшасында:
«Мемлекеттiк органның мақсаттары мен өкілеттіктері» деген 2-тараудың 15-тармағы және «Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату» деген 5-тараудың 24-тармағы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. «Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бес жұмыс күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі
Н. Көшеров
Түркістан облысы әкімдігінің
2026 жылғы «05» маусым № 109
қаулысына қосымша
Түркістан облысы әкімдігінің
2022 жылғы «13» маусым № 127
қаулысына қосымша
«Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ережеге енгізілетін өзгерістердің мәтіні
«Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесіне келесі өзгерістер енгізілсін:
«Мемлекеттiк органның мақсаттары мен өкілеттіктері» деген 2-тарауда 15-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
«15. Функциялары:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлерді дамыту, республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзу;
3) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi ұйымдастырады және оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудi қамтамасыз ету;
4) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс беру;
5) мемлекеттік ұлттық табиғи парктер инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарларын әзірлеуге қатысу;
6) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiнде шешiмдер қабылдау үшін облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
7) мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкілетті органмен келісу бойынша республикалық маңызы бар қалалардың шекараларында орналасқан жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу бөлігінде олардың техникалық-экономикалық негіздемелерін түзету жобаларын және оларды жоспарлау жобасын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын) бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
8) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлейдi және бекiту, оларды күзетудi, қорғауды және қалпына келтiрудi, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз ету;
9) заңды тұлға мәртебесi бар жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететiн қызметтер үшiн тарифтер мөлшерiн бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыну;
10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзуге қатысу;
11) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын әзірлеу және бекiту және паспорттарды уәкiлеттi органға тiркеуге (қайта тіркеуге) беру;
12) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрiн құру үшiн жердi резервте қалдыру жөнiнде шешiмдер қабылдауға облыс әкімідігіне ұсыныс енгізу;
13) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау аймақтары шегiнде осы аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң, экологиялық дәлiздердiң жай-күйiне, сондай-ақ оларды қорғау және пайдалану режимiне терiс әсер ететiн қызметтiң барлық түрiн шектей отырып, осындай аймақтарды белгiлеу жөнiнде шешiмдер қабылдауға облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
14) өздерiнiң қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;
15) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумағының шекарасын және қорғау режимiнiң түрлерiн бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
16) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалды тарату және олардың аумақтарын кішірейту туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
17) белгіленген режимді сақтай отырып, республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдардың аумағында орналасқан жер учаскелерін пайдалануды жүзеге асыру;
18) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 2-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген жағдайда уәкілетті орган ведомствосының ұсынысы бойынша босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне ауыстыруды жүзеге асыру;
19) «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері, экологиялық желіні дамыту саласындағы ашық ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету;
20) мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру және оны іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға қатысу;
21) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыру мен орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз ету, өздерiнiң функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттеу;
22) мемлекеттiк орман қоры аумағында ормандағы өрттердiң алдын алу және оларға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларын әзірлеу, бекіту және iске асыру;
23) жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ ұйымдардың өрт сөндiру техникаларын, көлiктерi мен басқа да құралдарын ормандағы өрттердi сөндiруге тарту тәртiбiн айқындау, осы жұмысқа тартылған жеке тұлғаларды жүрiп-тұру өрт сөндiру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өртке қарсы ерікті құралымдардың жұмыс iстеуiне жәрдемдесу;
25) орманда өрт қаупi болатын маусымда табиғи өрттердi сөндiру үшiн жанар-жағар май материалдарының резервiн, сондай-ақ мемлекеттiк орман қорының аумағында орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерін тартқан жағдайда авиациялық отын резервін жасау;
26) шаруа және фермер қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына iргелес аумақтардағы ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдық және шабындық жерлерде сабантүбiн, аңыздарды және өзге де өсiмдiк қалдықтарын өртеуiне, қау шөбiн өртеуiне бақылау жасауды қамтамасыз ету;
27) өртке қарсы насихатты, бұқаралық ақпарат құралдарында ормандарды сақтау, ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн орындау туралы мәселелердiң тұрақты берiлуiн ұйымдастыру;
28) облыс аумағында ормандағы өртке қарсы күрес жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру, қажет болған жағдайда осы мақсатта арнайы комиссиялар құру;
29) орман қоры аумағында орман зиянкестерiмен және ауруларымен күрес және орманның санитарлық жай-күйiн жақсарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
30) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресте авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар жүргiзген кезде, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болып тұрған кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы, орман пайдалану құқығын шектеу туралы шешiм қабылдауға облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
31) уәкiлеттi органға беру үшiн өздерiнiң функционалдық қарауындағы орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi жөнiнде материалдар әзiрлеу;
32) өздерiнiң функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде аяқталған объектiлердi және орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдау;
33) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін (сүректі түбірімен босату үшін мөлшерлемелерді қоспағанда) жобаларын әзірлеу;
34) уәкiлеттi органның және облыстың жергілікті өкiлдi органының қатысуымен өздерiнiң қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi пайдалануға беру жөнiнде тендерлер ұйымдастыру және өткiзу;
35) орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген, өз қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
36) өздерінің ведомстволық бағынысындағы орман мекемесінің нышанын (эмблемасы мен жалауын) бекіту;
37) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен басқа санаттардағы жерді орман қоры жеріне ауыстыруды жүзеге асыру туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
38) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
39) балықтың қырылу қаупі бар су айдындарында және (немесе) учаскелерінде аулауды жүзеге асыру және (немесе) ұйымдастыру;
40) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi өздеріне ведомстволық бағыныстағы органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыру;
41) аңшылық алқаптардың резервтік қорындағы жануарлар дүниесінің өсімін молайтуды, сондай-ақ оны мемлекеттік есепке алуды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
42) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін бекiтуге облыс әкімдігіне ұсыныс беру;
43) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптарды бекiтiп беру мен аңшылық шаруашылығының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде облыс әкімдігіне ұсыныс беру;
44) жануарларға ауырып қалған, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
45) аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптарды бекітіп беру бойынша конкурстар өткізу;
46) жануарларды, оның ішінде жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру жөнiндегi, сондай-ақ қолдан өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру;
47) аңшылық алқаптарының резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
48) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорын қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
49) ғылыми зерттеулер негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізу;
50) рекреациялық балық аулау аймағын белгілеуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
51) балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілеуге, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді) ашыуға және жабуға облыс әкімдігіне ұсыныс беру;
52) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат беру немесе балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдалануға рұқсат беру;
53) облыс аумағында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру және (немесе) қамтамасыз ету;
54) резервтік қордың балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балықтардың қырылу қаупі туындаған жағдайларда балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің шешімі негізінде мелиорациялық балық аулауды ұйымдастыру;
55) аквашаруашылық субъектілерін және аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді субсидиялауды жүзеге асыру;
56) балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялауды жүзеге асыру;
57) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және іске асыру;
58) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастыру;
59) елді мекендердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерінде орналасқан жасыл екпелерді күтіп-баптауды қамтамасыз ету;
60) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде түбірімен босатылатын сүрек үшін мөлшерлемелерді қоспағанда, өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін әзірлеу;
61) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығына шектеу (тоқтата тұру) белгілеу туралы шешімдер қабылдау туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
62) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
63) жасыл екпелердi жасау, күтiп-баптау және қорғау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне материалдарды әзірлеу және дайындау;
64) әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу;
65) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу;
66) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кірмейтін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік экологиялық сараптаманың өзге де объектілеріне қатысты мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу;
67) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде қоғамдық тыңдау ұйымдастыру;
68) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияларды қабылдау;
69) экологиялық рұқсаттар мен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың тізілімін жүргізу;
70) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қоршаған ортаға әсер ету туралы қабылданған декларациялар бойынша жиынтық деректерді жіберу;
71) II санаттағы объектілер үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттарды беру;
72) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есепті қабылдау;
73) халқы он мың адамнан асатын елді мекендерде атмосфералық ауаға ластағыш заттар шығарындыларының стационарлық көздерін түгендеуді және атмосфералық ауа ластануының жиынтық есеп-қисаптарын жүргізуді және олардың негізінде елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томын жасауды қамтамасыз ету;
74) түзілетін сарқынды суларды кәдеге жаратудың басқа да тәсілдері немесе технологиялық процесте сарқынды сулардың түзілуін болғызбау мүмкін болмаған кезде жаңа жинақтағыш-буландырғыштарды жасауға (қолданыстағыларын кеңейтуге) экологиялық рұқсат беру;
75) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
76) өз құзыретi шегiнде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу;
77) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және облыстық мәслихаттың шешімімен бекітуге ұсыну үшін облыс әкімдігіне жолдау;
78) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңасын салуға инвестициялар тарту үшін жағдай жасау;
79) қалдықтардың түзілу көлемін азайтуды, түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайтуды, олардың қауіптілік деңгейін төмендетуді, қалдықтардың түзілу көлемін азайтуға бағытталған технологияларды енгізетін, өнім өндіру (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) процесінде түзілетін қалдықтарды қалпына келтіруді жоспарлайтын, осындай қалдықтарды жинау мен дайындауды, тиісті кәсіпорындар мен цехтар салуды жүзеге асыратын, сондай-ақ қалдықтарды қалпына келтіруге арналған жабдықтар өндіруді ұйымдастыратын, қалдықтардың түзілу көлемін азайту және түзілетін қалдықтарды қалпына келтіру үлесін ұлғайту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға пайлық үлеспен қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің шаруашылық қызметін ынталандыру жөніндегі іс-шараларды айқындау және жүзеге асыру;
80) су қорын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
81) бассейндік су инспекцияларымен келісу бойынша су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылыққа пайдалану режимін белгілеу туралы облыс әкімдігіне ұсыныс енгізу;
82) бассейндік кеңестердің жұмысына қатысу, бассейндік кеңестердің қарауына су қорын қорғау бойынша ұсыныстар енгізу;
83) бассейндік кеңестердің ұсынымдарын орындау жөнінде шаралар қабылдау;
84) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру».
«Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату» деген 5-тарауда 24-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
«Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелер тізбесі:
1) «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
2) «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
3) «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
4) «Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
5) «Сырдария–Түркістан мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
6) «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
7) «Жасыл желек»коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
8) «Мамандандырылған «Қорған» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі».
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.