«Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 99 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 99 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20452 болып тіркілген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және тарихи-мәдени сараптама жүргізу тәртібін анықтайды.»;
3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) игеруге жататын жер учаскелерінде жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстарды жүргізу нәтижесі бойынша алынған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатердің болуын немесе болмауын негіздейтін материалдар;»;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Тарихи-мәдени сараптаманы тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке немесе археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензиясы және Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлігі бар жеке және заңды тұлғалар жүргізеді (бұдан әрі – сарапшы).»;
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Қорытынды қазақ және орыс тілдерінде фирмалық бланкте екі данада құрастырылады, тарихи-мәдени сараптама жүргізген заңды тұлғаның мөрімен куәләндырылып, ал тарихи-мәдени сараптама жеке тұлғамен жүргізілген жағдайда оның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетіледі және қолтаңбасымен куәландырылады.»;
14-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) заңды тұлғаның атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);».
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы
К. Искаков
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.