«Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабы 1-2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

    ЖаңаКонституциялық Соттың қаулысы
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 9 маусым 2026 ж.

    ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

    «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабы 1-2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

    Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

    өтініш субъектісі Е.М. Қабышевтың,

    Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

    Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Ақпарат және киберқауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Г.Ш. Татеновтің,

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің өкілі – заң қызметінің бастығы С.Х. Ибраеваның,

    Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі –Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Д.Ж. Игембаевтың,

    Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық даму саласындағы заңнама департаментінің директоры Б.Б. Байкеновтің,

    Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Цифрландыру және жасанды интеллект департаментінің бастығы Ж.С. Баймағанбетовтің,

    Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі – Телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Р.Х. Шафигиннің,

    Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі – Заң департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Н.Т. Жапаровтың,

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі – Ақпарат комитеті Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысы А.Б. Өмірбектің,

    Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.Т. Құлыясованың,

    Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

    Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,

    Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – Ғылыми-консультативтік кеңес мүшесі А.А. Нуркееваның,

    «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының өкілі – Заң департаментінің менеджері Д.Ф. Дёнің қатысуымен,

    өзінің ашық отырысында Е.М. Қабышевтың «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – «Байланыс туралы» Заң) 41-1-бабы 1-2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

    Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевты, отырысқа қатысушыларды және сарапшы – Парламентаризм институтының атқарушы директоры, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.К. Канатовты тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

    анықтады:

    Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабы 1-2-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 4-бабының 3-тармағына, 13-бабының 2-тармағына, 18-бабының 3-тармағына, 20-бабының 1 және 2-тармақтарына, 39-бабының 1-тармағына және 44-бабының 16) тармақшасына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

    Азамат Е.М. Қабышев 2022 жылғы 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні Алматы қаласында байланыс операторларының қызметтеріне, оның ішінде Интернетке қолжетімділік болмағанына байланысты «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына талап қоюмен сотқа жүгінген.

    Өтініш субъектісінің пікірінше, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алматы қаласында төтенше жағдайды енгізу туралы» 2022 жылғы 5 қаңтардағы № 725 Жарлығында байланыс қызметтерін тоқтата тұру (Интернетті өшіру) туралы ереже болмағандықтан, Интернетке және байланыс қызметтеріне қолжетімділік мемлекеттік органдардың және (немесе) байланыс операторларының өз қалауы бойынша шектелген.

    Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты 2024 жылғы 25 шілдедегі шешімімен «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағына сілтеме жасай отырып, өтініш берушінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан.

    Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 9 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

    Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 5 мамырдағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарауға өтініш субъектінің өтінішхатын беруден бас тартқан.

    Жоғарыда жазылғандарды ескере отырып, өтініш субъектісі «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағы әркімнің ақпарат алу және тарату құқығының бұзылуына алып келіп, азаматтың құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу, сондай-ақ сот арқылы қорғалу құқықтарын іске асыруға мүмкіндік бермейтіндіктен, Конституцияның 4-бабының 3-тармағына, 13-бабының 2-тармағына, 18-бабының 3-тармағына, 20-бабының 1, 2-тармақтарына, 39-бабының 1-тармағына және 44-бабының 16) тармақшасына қайшы келеді деп санайды.

    «Байланыс туралы» Заңның дау айтылып отырған нормасының конституциялылығын тексеріп, өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

    1. Конституцияның 18-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары (бұдан әрі – БАҚ) әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Осындай құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысуға Конституцияның осы нормаларынан туындайтын құқық ақпаратқа қол жеткізу туралы конституциялық ережелермен тікелей байланысты.

    Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес осы құқықты шектеудің шегі конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында заңмен айқындалады.

    Ұқсас тәсіл 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (бұдан әрі – Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт) 19-бабында бекітілген, оған сәйкес өз пікірін еркін білдіру құқығы кез келген ақпаратты өз қалауымен ауызша, жазбаша, өзге де тәсілдермен іздеу және алу еркіндігін де қамтиды (2-тармақ). Сонымен қатар, бұл құқық заңмен белгіленуге тиіс және басқа тұлғалардың құқықтары мен беделін құрметтеу, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын немесе имандылығын сақтау үшін қажетті болып табылатын кейбір шектеулерге ұшырауы мүмкін (3-тармақ).

    Осылайша, құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу құқығын қоса алғанда, ақпарат алу және тарату құқығы, ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс құқықтар қатарына кірмейді. Оның шектелу ықтималдығы Конституцияның 39-бабының 3-тармағында және жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларында тікелей көзделеді.

    2. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында ақпарат иеленушілердегі ақпаратқа ашықтық презумпциясы бекітіледі және бір мезгілде шектелуге жатпайтын ақпаратқа қолжетімділік сақтала отырып, оны қажетті әрі мөлшерлес көлемде, белгілі бір мерзімге және белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін мәліметтер бөлігінде ғана тек қана заңмен шектеуге жол беріледі (4-1-бап).

    Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның және электрондық ресурстардың жұмыс істеуін нормативтік реттеу «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында қамтылып, осыған қатысты қатысушылардың құқықтары мен міндеттері және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың құзыреті айқындалады.

    Интернет-басылымдарды қоса алғанда, БАҚ қызметі «Масс-медиа туралы» 2024 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде реттеліп, заңды негіздер бойынша БАҚ өнімінің таратылуын тоқтата тұру не тоқтату негіздері мен тәртібі айқындалады.

    Осылайша, Қазақстан Республикасында нормативтік құқықтық реттеу ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктерін де, тиісті құқықтарға қатысты жол берілетін шектеуге құқықтық негіздер мен кепілдіктерді де көздейді.

    3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды адамдары «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабы 1-2-тармағының негізінде:

    1) кейінге қалдыруға болмайтын жағдай орын алғанда;

    2) ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларда;

    3) жедел-іздестіру қызметінің барлық субъектілерінің мүддесінде;

    4) кейіннен байланыс, масс-медиа салаларындағы уәкілетті органдарды және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасын жиырма төрт сағат ішінде міндетті түрде хабардар ете отырып, байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұруға құқылы.

    «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабына жүргізілген жүйелі талдау көрсеткендей, заң шығарушы байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді тоқтата тұрудың екі деңгейлі тетігін белгілеп берген: Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуына негізделген уақытша тоқтата тұру тәртібі (1 және 1-1-тармақтар) және ұлттық қауіпсіздік органдары лауазымды адамдарының шешімімен мерзімін көрсетпей тоқтата тұрудың айрықша тәртібі (1-2-тармақ).

    Өтініш субъектісі дау айтып отырған «Байланыс туралы» Заң нормасы адамның құқықтары мен бостандықтары шектелген кезде Конституцияда және халықаралық құқықтық актілерде бекітілген конституциялық-құқықтық заңды талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қаралады. Осы талаптарда шектеу заңда белгіленуге тиіс және оның нормалары тиісті шаралар мазмұнын, оларды қабылдау мен жүргізу шектері мен шарттарын ашуға, құқықтық реттеу болжалдылығын қамтамасыз ететін және әркімнің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруына мемлекеттің өз бетінше араласуына жол бермейтін айқындылық жеткілікті дәрежеде болуға тиіс деп көзделеді. Аталған шараларды қолдану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылуға тиіс.

    Бұдан басқа, қаралып отырған нормада белгіленген шектеулер Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көзделген конституциялық маңызды құндылықтарға нұқсан келтіретін, кезек күттірмейтін қатер туындаған жағдайларда қажетті және мөлшерлес болуға тиіс. Адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарда бұл өлшемшарттар мемлекеттің араласуы қатаң түрде нақты қатердің сипаты мен ауқымына негізделуге тиіс және тиісті заң мақсатына өзге аз шектеу құралдарымен қол жеткізу мүмкін емес дегенді білдіреді.

    Осыған байланысты, дау айтылып отырған нормада белгіленген шектеулердің жол берілуіне қатысты Конституциялық Сот мұндай шектеулер:

    заңда белгіленген;

    конституциялық құрылысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтауды қоса алғанда, конституциялық маңызды мақсаттарды көздейді;

    кезек күттірмейтін қатер туындаған жағдайларда жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерін қорғау қажеттігімен, сондай-ақ шектеулердің айрықша сипатымен, барынша аз шектеу құралдарын пайдалана отырып, заң мақсатына қол жеткізу үшін олардың жеткілікті дәрежеде қолайлы болуына негізделетіндіктен, қажетті және мөлшерлес болып табылады дегенді негізге алады.

    Конституциялық Сот «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабы 1-2-тармағының нормасы ақпаратты, оның ішінде телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы алу және тарату құқығын өз бетінше шектеу құралын емес, мемлекеттің конституциялық құрылысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі міндетін іске асырудың құқықтық тетігін көздейтіндіктен, аталған тармақ Конституция ережелеріне қайшы келмейді деп есептейді. Осы норманы қолдану телекоммуникация желілері арқылы ақпарат алу және тарату мүмкіндігі уақытша шектелген кезде іргелі құқықтарды, ең алдымен өмір сүру және денсаулықты сақтау құқығын қорғау пайдасына мөлшерлес таңдау жасауды көздейді. Аталған норма жазалау емес, превентивті сипатқа ие және адамды Конституцияда кепілдік берілген еркін ақпарат алу және тарату құқығынан айырмай, жедел түрде қылмыстардың алдын алуға немесе жолын кесуге бағытталған.

    4. Конституциялық Сот заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық әрі айқын тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп бірнеше рет атап өткен болатын (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар). Заңдарда белгіленетін шектеулер әділдік, ақылға қонымдылық, мөлшерлестік, сондай-ақ пропорционалдық талаптарына сәйкес келетін жағдайда конституциялық маңызды құндылықтарды қорғау (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы) үшін енгізіледі (2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ, 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

    Мәселен, «Байланыс туралы» Заңның жоғарыда аталған ережесі мәтінінің сөзбе-сөз мазмұнынан нақты қылмыстар жасалуының анық және тікелей қатері туралы айтылып тұрғанын немесе олардың алдағы бір уақытта жасалып қалуының ықтималды, абстрактілі мүмкін екендігі туралы ғана айтылғандығын нақты анықтау мүмкін емес. Бұдан басқа, қолданылып отырған «ауыр және аса ауыр қылмыстардың ... жасалуына әкеп соғуы мүмкін» деген баға беруші ұғым нормада көзделген шектеу шараларын қолдану үшін дәл қандай нақты мән-жайлар анықталуға тиіс екенін түсінуде белгісіздік туғызады, мұндай қылмыстардың жасалу ықтималдығы дәрежесін ашпайды, объективті баға беру (тиісті қауіптің бар-жоғын лауазымды адам қандай көлемдегі және дәрежедегі негізде растауға тиіс болатын) өлшемшерттарын қамтымайды. Қаралып отырған нормада қолданылатын «кейінге қалдыруға болмайтын ... жағдайларда» деген ұғым адресатқа – лауазымды адамға дәл қай кезде шараны қолдануға болатын сәтті болжауға, сондай-ақ қатердің қандай деңгейі жеткілікті деп есептелетінін және байланысты шектеу мен қылмыстың алдын алу немесе жолын кесу арасында қандай себеп-салдарлық байланыс болуға тиіс екенін айқындауға толық мүмкіндік бермейді.

    «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-тармағында байланыс желілері және (немесе) құралдары жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын бұзатын, экстремистік және террористік әрекетті жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге, сол сияқты белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін, кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауды және балалар порнографиясын насихаттайтын бұқаралық (жария) іс-шараларға қатысуға шақыруды қамтитын, балаға қатысты кибербуллинг мақсатында, электрондық казино, интернет-казино жарнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысуға құқығы жоқ тұлға ұйымдастыратын және өткізетін құмар ойындар және (немесе) бәс тігу жарнамасын қамтитын ақпаратты тарату үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының масс-медиасы саласындағы қызметпен айналысуға құқығы жоқ тұлғаның теле-, радиобағдарламаларды және (немесе) теле-, радиоарналарды таратуы үшін пайдаланылған жағдайларда, осы баптың 1-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасарлары Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыну енгізеді не масс-медиа саласындағы уәкілетті органға бағдарламалық қамтылым мен интернет-ресурс түріндегі ақпараттандыру объектілеріне және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау туралы талаппен заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді деп көзделеді.

    Конституциялық Сот заң шығарушының қаралып отырған норманың қолданылуын қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты құрамдарымен байланыстырмай, ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстар қатерінің жалпы өлшемшарттарын пайдаланғанына назар аударады. Мұндай тәсіл реттеудің конституциялық емес екенін айғақтамайды, алайда оны біркелкі және мөлшерлес қолданудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етуді талап етеді.

    Бұдан басқа «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-тармағынан дау айтылып отырған норманың айырмашылығы – тоқтата тұруды қолданудың уақытша сипаты не оны арагідік қайта қарау міндеті мен тәртібі көрсетілмейді, жалпы алғанда, байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін, нақты ресурсқа немесе тиісті ақпаратқа ғана емес,интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу жөніндегі шаралар көзделеді, бұл мұндай шектеу шараларының шамадан тыс қолданылуына алып келуі мүмкін.

    Демек, Конституцияның 39-бабының 1-тармағын «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағында көзделген құқықтық мемлекет, құқықтық айқындық пен мөлшерлестік қағидаттарымен өзара байланыста негізге ала отырып, жоғарыда аталған өкілеттік ауыр немесе аса ауыр қылмыстардың не қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстар жасалуының нақты әрі тікелей қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде ғана іске асырылуы мүмкін, ол айрықша сипатқа ие және мұндай қатердің алдын алу не оған жол бермеу үшін объективті түрде қажетті көлемде және мерзімге ғана жол беріледі.

    5. Конституциялық Сот «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – «Төтенше жағдай туралы» Заң) нормалары мен дау айтылып отырған «Байланыс туралы» Заң нормасының арасында сәйкессіздік бар деп санамайды.

    «Төтенше жағдай туралы» Заң мен «Байланыс туралы» Заң – мәні бойынша қоғамдық қатынастарды өз алдына реттейтін заңнамалық актілер және оларда құқықтар мен бостандықтарды шектеудің түрлі құқықтық негіздері мен тетіктері көзделеді. Мәселен, «Төтенше жағдай туралы» Заңда Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жергілікті жерлерiнде төтенше жағдай режимін енгiзудiң және оның қолданылуының негiздерi, мерзiмдерi, тәртiбi, осы режим аясында қолданылатын шаралар тізбесі мен уақытша шектеулер белгіленеді.

    Өз кезегінде, дау айтылып отырған «Байланыс туралы» Заң нормасы төтенше жағдайдың енгізілуіне қарамастан, байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін және интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұрудың дербес құқықтық негізін белгілейді.

    «Төтенше жағдай туралы» Заңның 14-1-бабының нормасы төтенше жағдай кезінде аталған шараны «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағына сәйкес іске асыруға жол берілетіндігін растайды.

    6. Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.

    Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығының конституциялық кепілдігі Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт ережелерімен үйлеседі. Осы халықаралық шартқа сәйкес мемлекет әркімнің әділ, құзыретті, толық және тиімді болу талаптарына сай келетін сот арқылы қорғалу құқығының іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқықтары мен бостандықтары бұзылған әрбір адамға тиімді құқықтық қорғау құралының болуына кепілдік беруге міндетті (2 және 14-баптар).

    Конституциялық Сот бұған дейін атап өткендей, сот төрелігіне қол жеткізу – құқықтық мемлекеттің адамға қандай да бір негізсіз кедергілерге ұшырамай, сотқа жүгінудің нақты мүмкіндігіне кепілдік беретін іргелі қағидаты сот арқылы қорғалу құқығының маңызды элементі болып табылады (2024 жылғы 26 шілдедегі № 50-НҚ нормативтік қаулы). Бұдан бөлек, өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы уәкілетті органдардың актілері мен әрекеттеріне шағым жасау мүмкіндігін қамтиды (2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12 нормативтік қаулы).

    Конституциялық Сот Конституцияның 13-бабының 2-тармағында кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын іске асыру мүмкіндігі дау айтылып отырған норманың құқықтық регламенттелуінде сақталып отыр деп есептейді. Ұлттық қауіпсіздік органдарының арнайы өкілеттіктерінің болуы аталған өкілеттіктерді жүзеге асырған кезде қажеттілік пен мөлшерлестік қағидаттарының сақталуын тексеруді қоса алғанда, оларды іске асырудың заңдылығына кейіннен соттың баға беру мүмкіндігін жоққа шығармайды.

    Конституциялық Сот өтініш берушінің талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан үш сот сатысында қабылданған актілер оның сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруы мүмкін емес деп көрсетпейді, соттардың нақты іс мән-жайларына баға беру нәтижесін көрсетеді деп баса атап көрсетеді. «Байланыс туралы» Заңның дау айтылып отырған нормасын осылайша түсінуден Конституциялық Сот норма конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаттарымен байланысты емес сот арқылы қорғалу құқығын қоса алғанда, адамның конституциялық құқықтарын шектейді немесе одан айырады деп есептемейді.

    Осыған байланысты Конституциялық Сот байланыс және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіру қажет деп санайды. Азаматтардың конституциялық құқықтары кепілдіктерінің деңгейін арттыру мақсатында «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабының 1-2-тармағында көзделген шараларды қолдану негіздерін нақтылау, оларды қолдану мерзімінің ақылға қонымды параметрлерін айқындау, сондай-ақ кейін олардың қолданылуын бақылау тетігін жетілдіру мәселелерін заңнамалық тәртіпте қарау орынды болады.

    Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, өтініш нысанасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

    қаулы етеді:

    1. «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 1-2-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

    2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, байланыс саласындағы заңнаманы атап айтқанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар аясын нақтылауға және қатер орын алған кезде «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 1-2-тармағында көзделген шара қолданылатын қатер дәрежесіне қатысты және осы шараның уақытша сипатын көрсете отырып және қолданылу кезеңін айқындай отырып, жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

    3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

    4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

    Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.