«Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Целиноград аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 қарашадағы № 80/12-8 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

    ЖаңаМәслихаттың актісі тіркелмеген
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 9 маусым 2026 ж.

    «Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Целиноград аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 қарашадағы № 80/12-8 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

    Целиноград аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

    1. Целиноград аудандық мәслихатының «Целиноград ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 27 қарашадағы № 80/12-8 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8659-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

    көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

    7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

    «7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

    1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

    2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

    3) әлеуметтік мәні бар аурудың болуы;

    4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне 1,0 еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.

    Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.

    Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.

    Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.»;

    8-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

    «8. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін жергілікті атқарушы органдарының ұсынуы бойынша облыстық жергілікті атқарушы органмен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.

    Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2,5 еселенген мөлшерінде белгіленеді және күнтізбелік бір жылда бір рет тағайындалады.

    Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.»;

    10-тармақтың 1), 5), 6) тармақшалары жаңа редакцияда жазылсын:

    «10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей азаматтардың келесі санаттарына жылына 1 рет көрсетіледі:

    1) 9 мамыр – Жеңіс күніне:

    Қазақстан Республикасы «Ардагерлер туралы» Заңының 6-бабына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына жылына 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдарға жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне:

    Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    6) 1 қазан – Қарттар күніне:

    ең төменгі және ең төменгі мөлшерден төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;»;

    11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

    «11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша көрсетіледі:

    1) кірістерді есепке алмағанда:

    әлеуметтік маңызы бар аурулары (қатерлі ісіктер, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру) бар адамдарға, жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

    дүлей апаттың салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) үш айдан кешіктірмей бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) үш айдан кешіктірмей бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға, Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға коммуналдық қызметтер үшін шығыстарға ай сайын 2,5 (екі жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

    абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды

    қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

    2) кірістерді ескере отырып жылына 1 рет:

    республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне 1,0 еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы, жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.».

    14 тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

    «14. Мынадай:

    1) алушы қайтыс болған;

    2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерге кеткен;

    3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;

    4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің анық еместігі анықталған;

    5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

    Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

    Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

    Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.».

    2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Целиноград аудандық мәслихатының төрағасы

    Л. Конарбаева

    «КЕЛІСІЛДІ»

    Целиноград ауданының әкімі

    Д. Сабырғали

    2026 жылғы 09 маусым

    «Целиноград ауданының

    жұмыспен қамту және

    әлеуметтік бағдарламалар

    бөлімі» мемлекеттік мекемесі

    басшысының міндетін атқарушы

    Д. Умарова

    2026 жылғы 09 маусым

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.