Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

    ҚолданыстағыМинистрлік пен ведомствоның ӘМ-де тіркелуге жатпайтын актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Қолданыстағы

    Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

    «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 53) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

    1. Қоса беріліп отырған Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

    2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде жіберуді қамтамасыз етсін;

    2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысына жүктелсін.

    4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Министрдің міндетін атқарушы

    Г. Көбенова

    Қазақстан Республикасы

    Ғылым және жоғары

    білім министрінің

    міндетін атқарушының

    2026 жылғы «___» _________

    №___ бұйрығына

    қосымша

    Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру қағидалары

    1-тарау. Жалпы ережелер

    1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 53) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

    2. ЖЖОКБҰ жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықтың міндеттері:

    1) шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнату, ынтымақтастық туралы екіжақты және көпжақты шарттар жасасу, студенттермен, магистранттармен, докторанттармен, педагогтермен және ғылыми қызметкерлермен алмасудың халықаралық бағдарламаларына қатысу, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіру;

    2) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін дамытуға инвестициялар тарту үшін ЖЖОКБҰ білім беру қызметтерінің экспортын кеңейту, сондай-ақ озық білім беру технологиялары мен тәжірибесін тиімді пайдалануға ықпал ететін жағдайлар жасауға жәрдемдесу;

    3) шетел азаматтарын оқыту, жұмыс істеу және ғылыми зерттеу жүргізу кезеңінде оларға қолайлы әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық жағдайлар жасау;

    4) шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың денсаулығын қорғау, ЖЖОКБҰ-да оқу, жұмыс істеу немесе ғылыми зерттеу жүргізу кезеңінде қазақстандық және шетел азаматтарының әлеуметтік әріптестігіне жәрдемдесу бойынша ішкі актілерді қабылдау;

    5) шет елдердің азаматтарына білім беру қызметтерін көрсету кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;

    6) қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламаларын, студенттер мен профессорлар-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық бағдарламаларын бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды, қосымша білім берудің халықаралық білім беру бағдарламаларын, шетел азаматтары арасынан оқытушылар мен зерттеушілерді тарту арқылы іске асыру;

    7) ЖЖОКБҰ-ның халықаралық рейтингтердегі (QS, Times Higher Education, ARWU) орындарын жоғарлату және жаһандық университеттік альянстарға қатысу;

    8) жоғары және жоғары білім беруден кейінгі білім беруді интенационалдандыруды дамыту, қысқа және ұзақ мерзімді негізде (кемінде бір семестр) жетекші шетелдік профессорлар мен зерттеушілерді тарту.

    3. ЖЖОКБҰ-мен халықаралық ынтымақтастығы:

    1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;

    2) ЖЖОКБҰ-ның ынтымақтастығы туралы екі жақты және көп жақты шарттары;

    3) ЖЖОКБҰ-ның ішкі актілері.

    4. Осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген міндеттерді іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ынтымақтастық туралы екіжақты және көпжақты шарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады.

    ЖЖОКБҰ бағдарламалардың академиялық сапасын, оқу нәтижелерін тануды, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігін және халықаралық бағдарламалардың іске асырылуын ішкі бақылауды дербес қамтамасыз етеді.

    2-тарау. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырудың тәртібі

    5. Халықаралық ынтымақтастық:

    1) қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары;

    2) академиялық ұтқырлық бағдарламалары;

    3) бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары;

    4) қосымша білім берудің халықаралық білім беру бағдарламалары;

    5) шетел азаматтары арасынан оқытушылар мен зерттеушілерді тарту арқылы жүзеге асырылады.

    Шарт жасасу туралы шешімді ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысы ішкі актілерде белгіленген тәртіппен ресімделетін құқықтық және академиялық сараптамалардың қорытындылары негізінде қабылдайды.

    6. Шетелдік әріптестермен тікелей байланыстарды және ынтымақтастықты орнату және дамыту бойынша ұйымдастыру іс-шараларын орындау мақсатында әрбір ЖЖОКБҰ–да халықаралық ынтымақтастық қызметі (департамент, басқарма, бөлім немесе орталық) (бұдан әрі – Қызмет) құрылады.

    ЖЖОКБҰ-да осындай Қызмет болмаған жағдайда ЖЖОКБҰ бірінші басшысының бұйрығымен ЖЖОКБҰ-да халықаралық ынтымақтастыққа жауапты тұлға тағайындалады.

    7. Қызмет басшысы не халықаралық ынтымақтастыққа жауапты тұлға осы салада кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесі, шетел азаматтарымен жұмыс тәжірибесі бар, қазақ және шет тілдерін меңгерген ЖЖОКБҰ-ның тәжірибелі қызметкерлерінің арасынан тағайындалады.

    Қызмет басшысы немесе халықаралық ынтымақтастыққа жауапты тұлға ЖЖОКБҰ бірінші басшысының бұйрығымен тағайындалады және ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысына және/немесе халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына бағынады және ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясының мүшесі болып табылады.

    8. Қызмет не халықаралық ынтымақтастыққа жауапты тұлға мынадай қызметтерді орындайды:

    1) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, педагогикалық және ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламалары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және іске асыру;

    2) жасалған шарттардың орындалуын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;

    3) шетелдік іссапарлар бойынша жоспарларды келісу және ұйымдастыру;

    4) ЖЖОКБҰ-ның білім беру және ғылыми қызметінде нәтижелерді пайдалану үшін Шетелдік іссапарлар туралы есептерді жинау және талдау;

    5) халықаралық ұтқырлықты жүзеге асыру үшін студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, педагогикалық және ғылыми қызметкерлердің резервін қалыптастыру;

    6) ЖЖОКБҰ-ның құзыреті шегінде шетел азаматтарын қабылдау мен тіркеуді ұйымдастырушылық сүйемелдеу;

    7) шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын, ЖЖОКБҰ-ның ішкі тәртіп қағидаларын түсіндіру;

    8) шетел азаматтарына медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға жәрдемдесу;

    9) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен және мәдени орталықтарымен байланыста болу;

    10) Erasmus+, Horizon Europe, DAAD, Fulbright сияқты халықаралық бағдарламаларға және басқа да халықаралық бастамаларға қатысуды үйлестіру;

    11) шетелдік студенттер мен зерттеушілер үшін міндетті үш күндік бағдарлау бағдарламаларын жүргізу;

    12) ЖЖОКБҰ-ның сайтында қолданыстағы шарттардың толық мәтіндерін және бірлескен бағдарламалар туралы ақпаратты ағылшын тілінде жариялауды қамтамасыз ету.

    9. ЖЖОКБҰ жыл сайын күнтізбелік жылдың 1 наурызы мен 1 желтоқсанынан кешіктірмей ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға:

    1) шетелдік әріптестермен ынтымақтастық туралы қолданыстағы шарттар/келісімдер тізбесін;

    2) қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы есепті;

    3) шетелдік студенттер және ЖЖОКБҰ студенттері мен профессорлар-оқытушылар құрамының шығу ұтқырлығы бойынша статистиканы жібереді.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.