«Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 қазандағы № 215 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
БҰЙЫРАМЫН:
1.«Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 қазандағы № 215 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 14530 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына, « Пошта туралы » Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 417) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидаларында:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтері – телекоммуникациялар және пошта байланысы секторында бекітілген, уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін байланыстың көрсетілетін қызметтерінің ең аз тізбесі, оларды кез келген елді мекенде байланыстың көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға тағайындалған мерзімде, белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшін міндетті болып табылады.»;
4-тармақ алып тасталсын;
8-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8-1. Байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құнын есептеуді жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган мынадай шығындарды есепке алады:
1) әмбебап қызметтерді көрсетуге байланысты материалдық шығыстар;
2) еңбекақы төлеуге шығыстар;
3) Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген міндетті сақтандыру түрлеріне арналған шығыстар, салықтар, алымдар және бюджетке төленетін міндетті төлемдер;
4) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары;
5) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін жөндеу жұмыстарына арналған шығыстар;
6) ғимараттарды күтіп ұстау бойынша шығыстар және коммуналдық шығыстар;
7) цифрлық жүйелерді сүйемелдеуге, ұйымдармен жасалған шарттар бойынша сервистік қызмет көрсетуге арналған шығыстар;
8) байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуге қатысы бар ұйымдардың өндірістік сипаттағы жұмыстары, көрсетілетін қызметтері.»;
8-2-тармақта:
20) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«20) қызметкерлерге қосымша берілген демалыстарға, оның ішінде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге ақы төлеуге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеуге арналған;».
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының он алтыншы абзацты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.