Мақтаарал аудандық мәслихатының 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 15-105-VIII «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы
Мақтаарал аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Мақтаарал аудандық мәслихатының 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 15-105-VIII «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімде № 6525-13 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Мақтаарал ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мақтаарал аудандық мәслихатының төрағасы
Қ. Сарсекбаев
Мақтаарал аудандық
мәслихатының 2026 жылғы
26 мамырдағы № 42-255-VIII
шешіміне қосымша
Мақтаарал аудандық
мәслихатының 2024 жылғы
24 сәуірдегі № 15-105-VIII
шешіміне қосымша
Мақтаарал ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 33-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Мақтаарал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Мақтаарал ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – «Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін Мақтаарал ауданы әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің «ортақ терезесі» дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, Қазақстан Республикасы «Ардагерлер туралы» Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады, өтініш талап етілмей көрсетілетін мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмекті қоспағанда.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндердің тізбесі, алушылардың жекелеген санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері осы Қағидалармен белгіленеді.
6. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2,5 еселенген мөлшерінде белгіленеді және күнтізбелік бір жылда бір рет тағайындалады.
Алушыда мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алуға бірнеше негіз болған жағдайда, әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылардың жекелеген санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері
7. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:
15 ақпан – Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні:
ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге – 30 айлық есептік көрсеткіш;
ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде Ауғанстанға жүк жеткізу үшін осы елге жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне – 30 айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСРО аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілеріне – 30 айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы кеңес әскери контингентіне қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге – 30 айлық есептік көрсеткіш;
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға – 2,5 айлық есептік көрсеткіш;
26 сәуір – радиациялық авариялар мен апаттардың салдарларын жоюға қатысушылар мен осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні:
1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш;
9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға – 1 000 000 (бір миллион) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның немесе жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамның, сондай-ақ жалпы ауру, еңбек жарақаты және басқа да себептер (құқыққа қайшы себептерді қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар деп танылған қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың зайыбына (жұбайына) – 15 айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 15 айлық есептік көрсеткіш;
1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 15 айлық есептік көрсеткіш;
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 40 айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСРО үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСРО Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) – 15 айлық есептік көрсеткіш;
1992 жылғы қыркүйек пен 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан – Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттер орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 30 айлық есептік көрсеткіш;
2003 жылғы тамыз бен 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 15 айлық есептік көрсеткіш;
1986–1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСРО ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 30 айлық есептік көрсеткіш;
29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға – 30 айлық есептік көрсеткіш;
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні:
Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға – 15 айлық есептік көрсеткіш.
8. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл мынадай санаттарға көрсетіледі:
1) амбулаториялық емделуде жүрген туберкулезбен ауыратын адамдарға, медициналық ұйым ай сайын ұсынатын тізімге сәйкес, табысын есепке алмай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) адамның иммун тапшылығы вирусы бар балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен жұқтырылуы салдарынан өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромымен ауырған адамдарға, табысын есепке алмай, ай сайын ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;
3) қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдарға, табысын есепке алмай, бір рет 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлкіне зиян келтірілуіне байланысты азаматқа (отбасына), өмірлік қиын жағдай туындаған күннен бастап алты ай ішінде жүгінген кезде, табысын есепке алмай, бір рет 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) жасы бойынша зейнеткерлерге, табысын есепке алмай, жылына бір рет шипажайлық-курорттық емделуге – жолдама құнының 100 пайызы мөлшерінде.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
9. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын Мақтаарал ауданының әкімдігі айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
10. Осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан не Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға, кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен не портал арқылы Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сұрау салулар қалыптастырады.
Ақпараттық жүйелерде мәліметтер сәйкес келмеген не болмаған кезде өтінішке Үлгілік қағидалардың 12-тармағына сәйкес құжаттар, сондай-ақ осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі.
Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен қажетті мәліметтерді алу үшін сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-сымен куәландырады.
11. Әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау үшін қосымша мынадай құжаттар ұсынылады:
осы Қағидалардың 8-тармағының төртінші абзацында көзделген әлеуметтік көмекті алу үшін – дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке келтірілген зиян фактісін растайтын аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия хаттамасы;
осы Қағидалардың 8-тармағының бесінші абзацында көзделген әлеуметтік көмекті алу үшін:
жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат;
зейнеткердің куәлігі не жасына байланысты зейнеткер мәртебесін растайтын өзге де құжаттар, оның ішінде eGov Mobile қосымшасындағы электрондық куәлік не мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы алынған анықтама;
шипажайлық-курорттық емделуге қарсы көрсетілімдердің жоқ екенін растайтын 069/у нысанындағы медициналық құжат (шипажайлық-курорттық карта).
12. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган келіп түскен өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді, келіп түскен күні жұмыс күні ішінде, ал жұмыс уақытынан тыс келіп түскен жағдайда – өтініш келіп түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.
13. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жеткіліксіз болған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
14. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.
15. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға құжаттары тіркелген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттардың негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 13 және 14-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен немесе мемлекеттік корпорациядан құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын өтініш берушіні бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетіні туралы хабардар етеді.
Тыңдаудың уақыты мен күнін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган белгілейді, ол:
өтініш берушіні бейнеконференцбайланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы тыңдауға шақыру;
ақпараттық жүйелерді пайдалану;
өтініш берушіге өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүргізіледі.
Өтініш беруші алдын ала шешімді алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылығын ұсынуға немесе айтуға құқылы.
Өтініш беруші өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды адам тыңдау хаттамасын жүргізеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды адам өтініш берушінің тыңдау хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Өтініш беруші танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін ұсынуға құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
16. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім жөнінде, ал бас тартылған жағдайда – Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарлама жібереді.
Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету немесе көрсетуден бас тарту туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.
Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация тиісті хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.
Өтініш портал арқылы берілген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету немесе көрсетуден бас тарту туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.
17. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмекті тағайындау, төлемдерді жүзеге асыру, осы негіз бойынша әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру фактілерін растайтын мәліметтер алынған.
18. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Мақтаарал ауданының тиісті қаржы жылына арналған бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Әлеуметтік көмекті есептеу және көрсету кезінде тиынмен есептелген барлық сомалар тиын сомасына қарамастан, бір теңгеге дейін дөңгелектеледі.
19. Мынадай жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін Мақтаарал ауданынан тыс жерге кеткен;
3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке келтірілген зиянға байланысты тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
20. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
21. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүзеге асырады.
22. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін зейнетақы мен жәрдемақы алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
23. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылданған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
24. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұранысты:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айдың алдындағы айдың 27-сі күні қалыптастырады.
25. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға өтінімде көзделген сомалар шегінде ақшалай қаражат аударады.
Айдың 27-сі күнінен кейін түскен әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімдер бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган ақшалай қаражатты мемлекеттік корпорацияға келесі айдың 1-і күнінен кейін аударады.
26. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
27. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
28. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
29. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.