Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу қағидаларын бекіту туралы

    ҚолданыстағыМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Қолданыстағы

    Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу қағидаларын бекіту туралы

    «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 5-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

    1. Қоса беріліп отырған Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу қағидалары бекітілсін.

    2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

    2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

    4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі

    А. Балаева

    Келісілді

    Қазақстан Республикасының

    Қаржы министрлігі министрлігі

    Келісілді

    Қазақстан Республикасының

    Ұлттық экономика министрлігі

    Қазақстан Республикасы

    Премьер-Министрінің орынбасары -

    Мәдениет және ақпарат министрі

    2026 жылғы 1 маусымдағы

    № 262-НҚ бұйрығымен

    бекітілген

    Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу қағидалары

    1-тарау. Жалпы ережелер

    1. Фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 5-1-тармағына сәйкес әзірленді және фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.

    2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

    1) құқық иеленуші – авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонограммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Авторлық құқық туралы Заң) көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар;

    2) уәкілетті орган – кинематография саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

    3) фильмге прокаттау куәлігі (бұдан әрі – прокаттау куәлігі) – фильм туралы техникалық мәліметтер, фильмнің жасаушылары, жас санаты мен жанры туралы ақпарат көрсетілетін, жеке немесе заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында фильмді тарату құқығын куәландыратын, белгіленген үлгідегі құжат;

    4) фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасы – прокаттау куәлігін алу үшін келіп түскен, оның прокатталынатын нұсқасымен бірдей фильм нұсқасы.

    2-тарау. Прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу тәртібі

    3. Прокаттауға дейінгі сараптама фильм мазмұнында Заңның 7-бабы 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген белгілердің бар-жоғын анықтау, сондай-ақ фильмнің жас санатын айқындау үшін жүргізіледі.

    4. Прокаттауға дейінгі сараптама жүргізу үшін электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы уәкілетті органның жолдаған фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасын ұсыну қажеттілігі туралы сұратуын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жеке немесе заңды тұлға кинопрокаттауға арналған фильмнің нұсқасын уәкілетті органға интернет-ресурстағы фильмге сілтеме арқылы/материалдық жеткізгіште ұсынады немесе жабық көрсетілім ұйымдастырады.

    Уәкілетті орган фильмнің кинопрокатқа арналған нұсқасын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оны прокаттауға дейінгі сараптама жүргізу үшін электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы фильмдерге прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізетін Сараптама комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) жолдайды.

    Комиссия – уәкілетті орган айқындайтын ұйым жанынан құрылатын, фильмнің кинопрокатқа арналған нұсқасына прокаттауға дейінгі сараптаманы жүзеге асыратын, мемлекеттік органдар өкілдерінің, сарапшылар мен мамандардың қатарынан құрылған консультативтік-кеңесші орган.

    Заңның 7-бабы 5-1-тармағына сәйкес Комиссияның жұмысын ұйымдастыру тәртібін және оның құрамын уәкілетті орган айқындайды.

    5. Прокаттауға дейінгі сараптама мыналарды қамтиды:

    1) фильмді көру;

    2) фильмнің мазмұнын талдау;

    3) Комиссия отырысында фильмді талқылау;

    4) Комиссия шешімін қабылдау үшін Комиссия мүшелерінің дауыс беруі;

    5) сараптамалық қорытындыдан тұратын хаттама дайындау.

    6. Прокаттауға дейінгі сараптаманы жүргізу кезінде мыналар ескеріледі:

    1) фильмнің жалпы мағынасы мен көркемдік ниеті;

    2) жеке көріністердің сипаты мен қызметі;

    3) заңсыз мазмұнның болуы немесе болмауы;

    4) болжамды аудиторияның жасы.

    3-тарау. Комиссияның шешімі

    7. Прокаттауға дейінгі сараптама фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасы Комиссияның қарауына келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

    Комиссияның шешімі Комиссия отырысына қатысып отырған мүшелер санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады және Комиссия төрағасы мен хатшысының қолы қойылған хаттамамен рәсімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

    Комиссия қабылдаған шешіммен келіспеген Комиссия мүшесі ерекше пікірді жазбаша түрде фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасы келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде баяндауға құқылы.

    8. Хаттама фильм туралы мәліметтер (фильмнің атауы, өндіруші ел, өндіруші студия, шығарылған жылы, фильмнің хронометражы, сценарий авторы (лар), қоюшы режиссер (лар), қоюшы оператор(лар), қоюшы суретші (лер), музыкалық шығарманың авторы, продюсер (лер), фильмнің жанры, фильм тілі), заңсыз контенттің болуы не болмауы және фильмге тиісті жас санатын беру туралы, прокаттау куәлігін беру не беруден бас тарту туралы ұсынымдардан құралуы тиіс.

    9. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады және оны уәкілетті орган прокаттау куәлігін беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған кезде пайдаланады.

    Комиссия хатшысы электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасы келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәкілетті органға хаттама жолдайды.

    10. Заңның 7-бабы 6-тармағының 4) тармақшасына сәйкес егер фильмнің мазмұны Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды, педофилияны, сондай-ақ порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталғандығы анықталған жағдайда прокаттау куәлігін беруден бас тартуға негіз болып табылады.

    5-тарау. Құпиялылық және ақпаратты қорғау

    11. Комиссия мүшелері фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасының, фильм туралы мәліметтердің, сценарий материалдарының, сараптамалық қорытындылардың және прокатқа дейінгі сараптама жүргізу барысында ұсынылған және алынған құжаттардың да құпиялылығын қамтамасыз етеді.

    12. Авторлық құқық туралы Заңның 16-бабы 2-тармағына сәйкес прокатқа дейінгі сараптама жүргізу үшін ұсынылған фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқасын, фильм туралы мәліметтерді және сценарий материалдарын құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз қайта шығаруға, үшінші тұлғаға беруге немесе өзгедей пайдалануға тыйым салынады, сондай-ақ Авторлық құқық туралы Заңның 48-бабы 1-тармағына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

    13. Прокатқа дейінгі сараптама жүргізуге қатысты құжаттар мен материалдар, оның ішінде материалдық жеткізгіштегі фильмнің кинопрокаттауға арналған нұсқалары мен Комиссия шешімінің хаттамалары жанынан Комиссия құрылатын ұйымда кемінде 3 (үш) жыл сақталады.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.