Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындау туралы
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы 2-тармағына, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы 3) тармақшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары айқындалсын.
2. «Қызылжар аудандық экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін электронды түрде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
2) осы қаулыны ресми жариялағаннан кейін Қызылжар ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылжар ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Қызылжар ауданының әкімі
Б. Исманов
Солтүстік Қазақстан облысы
Қызылжар ауданы әкімінің
2025 жылғы «26» қарашадағы
№396 қаулысына
қосымша
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы 3) тармақшасының негізінде әзірленді және аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 37) тармақшасына сәйкес жалақы – жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына қарай еңбек үшін төленетін сыйақы, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдер.
2-тарау. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу шарттары
3. Ынталандыру үстемеақысы персоналды ынталандыру мақсатында белгіленетін төлем болып табылады.
4. Бюджеттік ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қарастырылған материалдық көмектің және ынталандыру төлемінің бұрыннан бар түрлеріне қосымша төлем болып табылады.
5. Жұмыскерлердің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысын төлеу жұмыскерлердің еңбегін ынталандырудың төлем жасалған түрлерін (сыйлықақы, қосымша ақы, лауазымдарды қоса атқарғаны үшін, қамту аймағын кеңейткені үшін үстемеақы, үстеме жұмыс үшін ақы және басқалар) тоқтатуға негіз болып табылмайды.
6. Жұмыскерлердің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысын төлеу күнтізбелік жыл ішінде ай сайын жүзеге асырылады.
7. Ынталандыру үстемеақысы еңбекақының негізгі көрсеткіштерін, бюджет мүмкіндіктерін талдауға негізделе отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда жыл сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін.
8. Ынталандыру үстемеақысы:
жұмыскер сынақ мерзімінде болған кезеңде;
алынбаған тәртіптік жаза болған кезде;
ұйымда бір айдан аз жұмыс істегендерге;
лауазымның тиісті санатының функцияларын уақытша атқарған жағдайда;
жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде;
жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде;
оқу демалысы кезеңінде;
жүктілікке және бала (балалар) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс кезеңінде;
бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде төленбейді.
9. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының бюджеті бюджеттік ұйым жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысы төлемін қаржыландыру көзі болып табылады.
10. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемеақылары Қызылжар аудандық мәслихатының шешімімен белгіленеді.
3-тарау. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі
11. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі ынталандыру үстемеақысының белгіленген мөлшері негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға бюджеттік өтінімді жолдайды.
12. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес ынталандыру үстемеақысы бойынша қосымша қажеттілікті аудандық бюджет комиссиясына қарауға шығарады.
13. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысына қосылатын ынталандыру үстемеақысына бюджет қаражаты бөлінген кезде ұйым басшысы құрылымдық бөлімшелер басшыларының жазбаша ұсынымы (бұдан әрі – Ұсыным) негізінде жұмыскерлерге ынталандыру үстемеақысын төлеу туралы бұйрық шығарады.
Ұйымның басшысы Ұсынымды қарау нәтижесінде ол тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келіседі не лауазымдық жалақыға ынталандыру үстемеақысын белгілеуден бас тарту себептерін негіздей отырып, тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде бас тартады. Жұмыскер шешім шығарылғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде бас тарту туралы хабардар етіледі.
14. 8-тармақта көрсетілген шарттар жұмыскерлерге ынталандыру үстемеақысын төлеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
15. Ұсынымда жұмыскердің тегі мен лауазымы, ынталандыру үстемеақысының негізі мен мөлшері және тәртіптік жазаның жоқ екені туралы мәліметтер көрсетіледі.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.