Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын ендіру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 42-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын ендіру қағидалары мен шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі
Ж. Сулейменова
Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2026 жылғы 29 мамырдағы
№ 143-НҚ бұйрығымен
бекітілген
Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын ендіру қағидалары мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын ендіру қағидалары мен шарттары «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 42-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын ендіру тәртібі мен шарттарын (бұдан әрі – Бейімдеу бағдарламасы) айқындайды.
2. Бейімдеу бағдарламасын «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) бекітілген бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде қазақ тілін оқыту тілі ретінде оқыту әдістемесін меңгерген педагогтер іске асырады.
3. Бейімдеу бағдарламасы сыныптан тыс сабақтар немесе сынып сағаттары арқылы қарым-қатынас жасаудың практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған нақты өмірлік коммуникативтік жағдаяттарды (орта білім беру ұйымында, отбасында және қоғамдық орындарда) пайдалана отырып іске асырылады.
4. Сабақтар «Оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 24 ақпандағы № 47-НҚ бұйрығына сәйкес өткізіледі.
5. Білім беру ұйымы білім алушылардың ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін:
1) Бейімдеу бағдарламасының мақсаттары, міндеттері және мазмұны;
2) Бейімдеу бағдарламасын іске асыру тәртібі мен шарттары;
3) білім алушылардың Бейімдеу бағдарламасын меңгеру нәтижелері туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
Білім алушылардың ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін хабардар ету ата-аналар жиналыстары, консультациялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өзара іс-қимыл нысандары арқылы жүзеге асырылады.
2-тарау. Бейімдеу бағдарламасын енгізу тәртібі
6. Бейімдеу бағдарламасы:
1) білім алушының ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініші;
2) ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімі болған жағдайда, педагогтің ұсынымы негізінде енгізіледі.
7. Білім алушының ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері орта білім беру ұйымы басшысының атына жазбаша өтініш береді.
Орта білім беру ұйымының басшысы білім алушының ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтінішін қарайды және 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы білім алушының ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне хабарлайды.
8. Педагог бірінші сынып білім алушыларының білім беру процесіне бейімделуін қарапайым коммуникативтік тапсырмаларды пайдалана отырып, ауызша және жазбаша сөйлеуді түсінуі мен дағдыларын (бастапқы, базалық, орта) бағалау арқылы бақылауды жүзеге асырады.
9. Қосымша тілдік қолдауды қажет ететін білім алушы анықталған жағдайда педагог:
1) білім алушыны Бейімдеу бағдарламасына қабылдау мүмкіндігі туралы жазбаша ұсыным ресімдейді;
2) аталған ұсынымды білім алушының ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне жеткізеді.
10. Білім алушылардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініштерін, сондай-ақ педагогтердің ұсынымдарын (білім алушылардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімі болған жағдайда) қарау нәтижелері бойынша Бейімдеу бағдарламасына қабылдауға жататын білім алушылардың тізімі құрылады және орта білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
11. Бейімдеу бағдарламасы тиісті оқу жылы ішінде орта білім беру ұйымы басшысы бекіткен жоспар мен кестеге сәйкес іске асырылады.
12. Оқу жылы аяқталғанға дейін білім алушының Бейімдеу бағдарламасына қатысуын мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім білім алушының ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініші негізінде қабылданады.
13. Білім беру ұйымы білім алушының ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініші негізінде білім алушының Бейімдеу бағдарламасына қатысуын мерзімінен бұрын тоқтату туралы бұйрық шығарады.
3-тарау. Бейімдеу бағдарламасын іске асыру шарттары
14. Бейімдеу бағдарламасы мынадай шарттар орындалған кезде жүзеге асырылады:
1) Бейімдеу бағдарламасына қабылданған білім алушылардың бекітілген тізімінің болуы;
2) Бейімдеу бағдарламасын іске асыру жоспары мен кестесінің орта білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітілуі;
3) білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға ықпал ететін қолайлы білім беру ортасының құрылуы;
4) Бейімдеу бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін оқу-әдістемелік материалдардың пайдаланылуы;
5) Бейімдеу бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша педагогтердің білім алушылардың ата-аналарымен немесе өзге де заңды өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауы.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.