Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

    ҚолданыстағыМәслихаттың актісі тіркелмеген
    Нұсқаның өзектілігі
    Қолданыстағы

    Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

    «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 14-1-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №187 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларының 39-тармағына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36186 болып тіркелген) сәйкес Қазалы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

    1. Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

    2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазалы аудандық мәслихатының төрағасы

    Ғ. Әліш

    Қазалы аудандық мәслихатының

    2026 жылғы «15» мамырдағы №582

    шешіміне қосымша

    Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесі

    1. Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үйді меншігіне алу құқығын іске асыру үшін қарыз сомасының 10%, бірақ 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайтын мөлшерді құрайды.

    2. Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санаттарына мыналар жатады:

    1)Ұлы Отан соғысының ардагерлері (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    4) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    5) мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    6) «Кейбір созылмалы аурулардың ауыр нысандарының тізімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-14 бұйрығымен бекiтілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр нысандарының тізімінде көрсетілген аурумен ауыратын адамдар (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26830 болып тіркелген) (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    7) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    8) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    9) қандастар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    10) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    12) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    13) толық емес отбасылар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    14) асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) (тұрғын үй алуға кезекте тұрған);

    15) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар (тұрғын үй алуға кезекте тұрған),

    16) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

    17) Еңбек және жұмыспен қамту статистикасы бойынша статистикалық байқауларды талдау негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 мамырдағы № 161 бұйрығымен бекітілген Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32546 болып тіркелген) сәйкес құрылатын еңбек ресурстарының болжамы есепке алумен, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы және өзге де салаларындағы бюджеттiк ұйымдарының қажетті мамандары.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.