Түлкібас ауданы мәслихатының 2023 жылғы 3 қарашадағы №8/3-08 «Түлкібас ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы
Түлкібас аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Түлкібас аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 3 қарашадағы № 8/3-08 «Түлкібас ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6397-13 болып тіркелген) төмендегі өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген шешіммен бекітілген Түлкібас ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың төрағасы
С. Сарсенбаев
Түлкібас аудандық мәслихатының
2026 жылғы 13 мамырдағы
№47/6-08 шешіміне қосымша
Түлкібас ауданының әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi – Қағидалары) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Түлкібас ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету,мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Түлкібас ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – Жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган –«Түлкібас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің «ортақ терезесі» дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі және өтініш берген айдан бастап төленеді.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігі осы Қағидалармен белгіленеді.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі және өтініш берген айдан бастап төленеді:
1) туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табысын есепке алусыз - ай сайын, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) адамның вирустық иммун тапшылығын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың немесе АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне- ай сайын, республикалық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;
3) АИТВ-мен ауыратын адамдарға,табысын есепке алусыз -республикалық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде;
4) қатерлі ісік ауруына шалдыққан тұлғаларға, табысын есепке алусыз - бір рет, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан адамдарға, жол жүрумен байланысты шығындарын өтеу үшін, табысын есепке алусыз - бір рет, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың, санаторийде нақты болған күні үшін, жан басына шаққандағы орташа табысын есепке алмағанда, санаторийлік-курорттық емделуге жеке абилитация және оңалту бағдарламасы бар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған, санаторийлік-курорттық емдеуге мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына беріледі-жылына бір рет, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен соларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлерге және зейнеткерлер қатарынан мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емделуге өтініші негізінде кезек тәртібіне сәйкес 10-күндік жолдама алу үшін – бір реттік 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) дүлей апат немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне залал келген болса,әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі, залал
туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі алты айдан кешіктірмей – бір рет, 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жалғызілікті зейнеткерлер мен жалғызілікті мүгедектігі бар адамдарға тұрғын үйін жөндеуге – жылына 1 рет, 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгіленген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуына байланысты аз қамтылған отбасыларына және мүгедектігі бар адамдарға – бір рет республикалық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінде.
7. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініш талап етілмей бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 15 ақпан - Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
көп балалы аналарға, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған - 2,5 (екі жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 26 сәуір – радиациялық апаттардың салдарын жоюға қатысқан қатысушылар және осы апаттардың құрбандарын еске алу күні:
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш өлшерінде;
4) 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күні:
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен
келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 30 (отыз)айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986–1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне -1272 (бір мың екі жүз жетпіс екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кенестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, Чернобыль АЭС апаттың салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың отбасыларына –15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) 31 мамыр – ҚР-дағы саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын еске алу күні:
Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси құғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) 1 қазан – Қарттар күні:
100 жасқа толған және одан асқан қарияларға– бір реттік 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) Қазанның екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні:
арнаулы жүріп-тұру құралдармен қолданатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға- 4 (төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) 25 Қазан – Республика күні:
1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі (нерв-жүйелерін ауытқуы бар) балаларға арналған жартылай стационар түріндегі күндізгі қатынау орталығындағы балаларға– біржолғы 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
11) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына - 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Түркістан облысының ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде жергілікті өкілді органдармен белгіленеді.
9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде ұсынған, Түлкібас ауданының әкімдігі бекіткен тізімдер бойынша оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
9. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Түлкібас ауданының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Түлкібас ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
10. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
11. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидалардың 3- тарауы мен анықталады.
12. Әлеуметтік көмек көрсетуден мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
13. Әлеуметтік көмек көрсету:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
14. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
15. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган «Е-собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
16. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру және әлеуметтік көмек көрсету мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасау Үлгілік қағиданың 26-33 тармақтарымен анықталады.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.