«Жетісу облысы мемлекеттік мекемелерінің ережелерін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2025 жылғы 16 мамырдағы № 153 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптарына және «Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Жетісу облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Жетісу облысы мемлекеттік мекемелерінің ережелерін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2025 жылғы 16 мамырдағы №153 қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі
Б. Исабаев
Жетісу облысы әкімдігінің
2026 жылғы «20» наурыздағы № 84
қаулысына қосымша
«Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Жетісу облысы аумағында ішкі саясат саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 040000, Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Ж. Балапанов көшесі, 28-үй.
10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен халық бірлігін сақтауға, мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтық қоғам институттарын қолдауға және дамытуға, жастардың толыққанды тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға, шешімдер қабылдау процесіне қатысуға, табысты әлеуметтенуге және оның әлеуетін өңірдің одан әрі дамуына бағыттауға, Жетісу облысының ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру.
2) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің, облыс әкімінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;
3) өңірде Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды және басқа да стратегиялық құжаттарды түсіндіруді қамтамасыз ету;
4) ішкі саясат саласындағы өңірлік маңызы бар бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
5) мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру және тиімді іске асыру;
6) өңірдегі ішкі саясат процестерді және олардың даму үрдістерін зерделеу мен талдауды қамтамасыз ету;
7) қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латынграфикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту;
8) азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпаратты сұратуға, Басқарманың құзыретіне жататын мәселелерді пысықтауға мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тартуға, тиісті ұсыныстар дайындау үшін уақытша жұмыс топтарын құруға;
облыс әкіміне жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат саласындағы қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
басқарманың қызмет саласына қатысты мәселелер бойынша тапсырмалар беруге, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар өткізетін іс-шараларға қатысуға;
ведомстволық бағынысты мекемелерді құру, олардың құқықтық мирасқоры ретінде болуы және олардың қызметін үйлестіру;
осы қызметке бұқаралық ақпарат құралдары, заңды тұлғалар, азаматтық қоғам институттары өкілдерінің қатысуын ынталандыруға;
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының дұрыс қолданылуы жөнінде түсініктемелер беруге.
2) міндеттері:
Басқарманың құзыретіне кіретін мемлекеттік, салалық бағдарламаларды іске асыру бойынша ақпараттық қолдауды жүзеге асыру;
лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік органдарға Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету.
15. Функциялары:
1) ішкі саясатдың негізгі бағыттары, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және қорғау, жұмыспен қамту, этносаралық және конфессияаралық келісім, патриоттық тәрбие және жастар саясаты, волонтерлік қызметті жаңғырту, тіл, ақпарат, мәдениет, гендерлік және отбасылық-демографиялық салаларда мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша өңірдің жергілікті атқарушы органдарының қызметін ақпараттық-идеологиялық сүйемелдеу;
2) қоғамдық саяси тұрақтылықты, өңірдегі халықтың жалпыұлттық бірлігін және қоғамды топтастыруды қамтамасыз етуге бағытталған практикалық және өзге де шаралар кешенін іске асыру;
3) Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеологиясын ілгерілету бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру және білім беру-тәрбие жұмысының деңгейін арттыру;
4) этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
5) өңірдегі ірі қоғамдық маңызы бар іс-шараларды ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық-техникалық сүйемелдеу;
6) мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру;
7) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі қызметті талдауды және болжауды, әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
8) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру;
9) жастардың волонтерлік қызметін және жастардың өзін-өзі басқаруын дамытуға жәрдемдесу;
10) әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және басқа да салалардағы жергілікті атқарушы органдардың қызметі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, осы бағыттағы жұмысты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
11) Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын және басқа да стратегиялық құжаттарды түсіндіру мен насихаттау жөніндегі республикалық және өңірлік деңгейдегі ақпараттық-насихаттық топтардың өңірдегі қызметін ұйымдастыру, ақпараттық-әдістемелік құжаттармен қамтамасыз ету;
12) саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, этномәдени және діни, құқық қорғау және басқа да қоғамдық ұйымдармен, кәсіптік одақтармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен (бұдан әрі – БАҚ), ғылыми және шығармашылық қоғамдастықпен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
13) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыс әкімі жанында әрекет ететін консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарының қызметін қамтамасыз ету;
14) өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды талдау және болжау, оның ішінде саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың қызметіне мониторинг ұйымдастыру, әлеуметтік және саяси зерттеулер жүргізу;
15) өңірде мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындау бойынша БАҚ қызметін әдістемелік қолдау және үйлестіру, заңнаманы сақтау мәніне БАҚ қызметіне мониторинг жүргізу;
16) әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету, оның ішінде конкурстық рәсімдер өткізу және жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу;
17) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеуге, облыс әкімі актілерінің жобаларын дайындауға және сараптауға қатысу;
18) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жоғары тұрған мемлекеттік органдармен, Парламентпен, мәслихаттармен, облыс әкімінің аппаратымен өзара іс-қимыл жасау;
19) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпараттық дерекқорды қалыптастыру, жинақтау, қорыту және сыныптау;
20) орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің, облыстың, қаланың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының және ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
21) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңнамасының дұрыс қолданылуы жөнінде түсініктемелер, заңнамада белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар беру, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
22) тілдік кемсітушілікке қарсы тұрып, мемлекеттік тілдің дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенін жүзеге асыру;
23) облыстық ономастика комиссиясының қызметін қамтамасыз ету;
24) деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
25) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) өз орынбасарларының және Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;
2) Басқарма қызметкерлерін тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
3) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады;
4) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлерін тәртіптік жазаға тартады;
5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
6) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
7) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
8) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламалардың жобаларын және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
9) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша есептік материалдарды дайындау жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
10) бюджеттік бағдарламаның іске асырылу барысын үйлестіреді;
11) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметтер мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты орындалуын бақылайды;
12) Басқарманың қызметіндегі заңдылықтың, шарттық және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;
13) жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қолданады және жемқорлыққа қарсы шараларды қолданбағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
4-тарау. Басқарманың мүлкi
20. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.
Басқарманың мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Басқармаға бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Jetisy Jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
2) «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Коммуникациялар мен мониторинг орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
3) «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып;
4) «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Техникалық және шаруашылық қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
5) «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
6) «Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жетісу медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
7) «Жетісу» телерадиокомпаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.