Облыстық бюджет шығыстарының басым бағыттарының тізбесін анықтау туралы

    ЖаңаӘкімдіктің актісі тіркелмеген
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 3 ақпан 2026 ж.

    Облыстық бюджет шығыстарының басым бағыттарының тізбесін анықтау туралы

    «Бюджеттің қазынашылық атқарылуы және оларға кассалық қызмет көрсету рәсімдерін, қазынашылық есепке алу және мониторинг рәсімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы № 328 бұйрығына сәйкес, Ақмола облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

    1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес облыстық бюджет шығыстарының басым бағыттарының тізбесі анықталсын.

    2. «Облыстық бюджет шығыстарының басым бағыттарының тізбесін анықтау туралы» Ақмола облысы әкімдігінің 2025 жылғы 4 желтоқсандағы № А-12/637 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

    3. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақмола облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

    4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

    Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы

    Е. Рамазанов

    Акмола облысы әкімдігінің

    2026 жылғы 3 ақпандағы

    № А-2/31 қаулысына

    қосымша

    Облыстық бюджет шығыстарының басым бағыттарының тізбесі

    1. Жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдер, жалақыны және басқа да ақшалай төлемдерді төлеу, оның ішінде штаттан тыс техникалық персоналдың жалақысы және жалақыдан барлық ұстап қалулар, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген ақшалай өтемақылар, алименттер, міндетті зейнетақы жарналары, кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, аударымдар және (немесе) жарналар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, тұрғын үй төлемдері, жеке тұлғаларға берілетін трансферттер, стипендиялар, банк қызметтеріне ақы төлеу, салық мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер.

    2. Облыстың жергілікті атқарушы органының борыштық міндеттемелерін өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша төлемдер, жоғары тұрған бюджетке трансферттерді қайтару, бюджеттік субвенциялар, республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері, республикалық бюджеттің бюджеттік кредиттері.

    3. Мынадай бағыттар бойынша шығыстар: тамақтандыруды ұйымдастыру және тамақ өнімдерін сатып алу жөніндегі қызметтер, дәрілік заттарды, киім-кешек пен отынды сатып алу (ғимараттарды жылыту бөлігінде), коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтері, көлік қызметтері, ел ішінде және одан тыс жерлерде іссапар және қызметтік сапарлар, атқарушылық құжаттар мен сот актілерін орындау, сондай-ақ, әлеуметтік табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған және олардың салдары болған жағдайда төлемдерді өткізу.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.