«Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 9 тамыздағы № 481/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

    ЖаңаМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 11 наурыз 2026 ж.

    «Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 9 тамыздағы № 481/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

    БҰЙЫРАМЫН:

    1. «Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 9 тамыздағы № 481/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34919 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

    кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

    «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 352) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;

    көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дербес деректер субъектілерін дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабардар етуді жүзеге асыру қағидаларында:

    1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «1. Осы Дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы дербес деректер субъектілерін хабардар етуді жүзеге асыру туралы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 352) тармақшасына сәйкес әзірленген және дербес деректер субъектілерінің дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу туралы хабарламаларының жүзеге асырылуын айқындайды.»;

    2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «1) дербес деректер – оның ішінде биометриялық, негізінде дербес деректер субъектісіне қатысты айқындалған немесе айқындалатын, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген деректер;»;

    2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «2) дербес деректерді қамтитын база (бұдан әрі – база) – ретке келтірілген дербес деректердің жиынтығы;»;

    2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «3) дербес деректерді қамтитын базаның меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – дербес деректерді қамтитын базаны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;»;

    2-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «4) дербес деректерді қамтитын базаның операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;»;

    2-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «6) дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы – берілетін, сақталатын немесе өзге де түрде өңделетін дербес деректердің заңсыз таралуына, өзгертілуіне және жойылуына, санкцияланбаған таралуына немесе оларға санкцияланбаған қол жеткізуге алып келген дербес деректер қорғалуының бұзылуы;»;

    2-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «7) дербес деректердi тарату – жасалуы нәтижесінде дербес деректер берілетін, оның ішінде масс-медиа арқылы берілетін немесе қандай да бiр өзгеше тәсiлмен дербес деректерге қол жеткізу ұсынылатын іс-әрекеттер;»;

    2-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «8) дербес деректер субъектiсi (бұдан әрі – субъект) – дербес деректер тиесілі жеке тұлға;»;

    2-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «9) «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы – өзіне бекітіп берілген «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;»;

    2-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «10) «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушы кабинеті – «электрондық үкімет» веб-порталының электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, өтініштерді қарайтын субъектілерге жеке және заңды тұлғалардың өтініш жасау, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша көрсетілген тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамдасы.».

    2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

    2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

    3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

    4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі

    Ж. Мадиев

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.