«Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 459 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

    ЖаңаМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 20 ақпан 2026 ж.

    «Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 459 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

    БҰЙЫРАМЫН:

    1. «Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 459 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9940 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

    көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларында:

    2-тармақта:

    3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

    «3) әкімшілік деректер – бастапқы статистикалық және балама деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөніндегі жеке-дара сандық (сандар көмегімен өлшенетін) және (немесе) сапалық (белгілі бар қағидат және (немесе) белгі бойынша құрылған) деректер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;»;

    5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

    «5) білім беру саласындағы уәкілетті орган – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

    6) білім беру сапасы – білім беру қызметі тиімділігінің кешенді сипаттамасы, сондай-ақ білім алушы мен тәрбиеленуші даярлығының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне сәйкестігі;»;

    6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

    «6. Білім беру мониторингі келесі түрде жүзеге асырылады:

    білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде ақпаратты жинау, жүйелі есепке алу, өңдеу, сондай-ақ сақтау, жаңарту және жинақтау арқылы білім беру ұйымдарының қызметін жүйелі түрде байқау;

    білім басқармалары мен бөлімдерінің орта білім беру ұйымдарындағы оқыту процесін талдау және әдістемелік түзету үшін әдістемелік күндерді ұйымдастыруы мен өткізуі және педагогикалық қауымдастыққа практикалық көмек көрсетуі;

    әлеуметтік немесе мониторингтік зерттеулер ұйымдастыру (оның ішінде халықаралық салыстырмалы және ұлттық зерттеулер үшін);

    білім беру қызметінің нәтижелерін талдау (ұлттық бірыңғай тестілеу, оқушылардың қорытынды бағаларын, халықаралық салыстырмалы және ұлттық зерттеулер нәтижелерін талдау және салыстыру) түрінде жүзеге асырылады.

    7. Құжаттар мен материалдарды жинақтау:

    білім беру саласындағы уәкілетті органның әкімшілік деректері;

    мемлекеттік статистикалық есептілік;

    білім беру сапасының динамикасына әсер ететін факторларға салыстырмалы талдау жүргізу;

    білім беру ұйымдарын лицензиялау, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау және аккредиттеу рәсімдерінің нәтижелері;

    білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың білім беруді басқару органдары мен білім беру ұйымдарының қызметіне жүргізген тексеру нәтижелері;

    білім алушыларды мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижелері;

    ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері;

    кешенді тестілеу нәтижелері;

    педагогтердің біліктілігін арттыру және оларды аттестаттау туралы деректер;

    халықаралық салыстырмалы және ұлттық зерттеулер нәтижелері;

    мониторингтік зерттеулер нәтижелері;

    әлеуметтік зерттеулер нәтижелері негізінде жүзеге асырылады.».

    2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

    2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

    3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

    4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі

    Ж. Сулейменова

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.