Қордай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 15 наурыздағы № 21-4 «Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы

    ЖаңаМәслихаттың актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 29 қаңтар 2026 ж.

    Қордай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 15 наурыздағы № 21-4 «Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы

    Қордай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

    1. «Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» Қордай аудандық мәслихатының 2024 жылғы 15 наурыздағы № 21-4 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5176-08 болып тіркелген) шешіміне келесідей өзгерістер енгізілсін:

    көрсетілген шешімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

    «Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидалары мен мөлшерін бекіту туралы»;

    көрсетілген шешімнің 1- тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

    «1. Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидалары мен мөлшері бекітілсін.»;

    көрсетілген шешімнің 1- қосымшасының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

    «Қордай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидалары мен мөлшері»;

    4 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп - ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

    Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісіне шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 5 (бес) пайыз мөлшерінде айқындалды.

    Тұрғын үй көмегінің мөлшері көрсетілетін қызметті берушімен Қағидалардың 4-1-тармағына сәйкес есептеледі.»;

    6 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «6. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияға (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) немесе «электрондық үкімет» веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.

    Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық жиынтығын қабылдаған күннен бастап құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау не бас тарту туралы дәлелді жауап не «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беру мерзімі 6 (алты) жұмыс күнін құрайды.».

    2. «Қордай аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) осы шешімді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

    2) осы шешім ресми жарияланғаннан кейін оны аудан мәслихатының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

    3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қордай аудандық мәслихатының төрағасы

    Н. Садыков

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.