Текелі қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жолақы жеңілдігін беру туралы
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 33-бабына, «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6, 37 баптарына, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6 баптарына сәйкес, Текелі қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ және Текелі қаласының әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Текелі қаласы азаматтарының келесі жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) тегін жол жүру құқығы берілсін:
1) Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
2) 70 жастан асқан зейнеткерлерге;
3) 23 жасқа дейінгі жетім балалар;
4) Орта (мектеп), техникалық және кәсіптік білім (колледж) оқушыларына, жазғы демалысты қоспағанда;
5) көп балалы аналарға (төрт балалы және одан да көп, 18 жасқа толмаған), сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары бар отбасына, олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін);
6) Ұлы Отан Соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне және оларға теңестiрiлген адамдарға.
2. Текелі қаласы азаматтарының мынадай жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көліктегі (таксиден басқа) тариф құнының елу пайызы көлемінде жеңілдетілген жол жүру құқығы берілсін:
1) Үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
2) Он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды алып жүретін адамдарға.
3. Қаржыландыру көзі Текелі қаласының бюджеті болып айқындалсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Текелі қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бірлескен шешім және қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Текелі қаласының әкімі
А. Әділ
Текелі қалалық мәслихатының төрағасы
Б. Тугулбаев
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.