«Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін қайта құру туралы
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 45-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 39-бабына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін бөліп шығару жолымен қайта құрылсын.
2. Осы қаулыға қосыла берілген «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
3. Осы қаулыға қосыла берілген «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
4. «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әділет органдарында ережені мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін
5. «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әділет органдарында заңды тұлғаны және ережені мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімінің тиісті орынбасарына жүктелсін.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі
Ж. Құсайын
Солтүстік Қазақстан облысы
Аққайың ауданы әкімдігінің
2026 жылғы 13 қаңтардағы
№ 5 қаулысына
қосымша
«Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
2026 ж.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) Аққайың ауданының аумағындағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
1.1. Бөлімнің мынадай ведомствосы бар:
«Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
«Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
5. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
6. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Бөлім құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 150300, Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Смирново аулы, 9 май көшесі, 67.
9. Осы ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
10. Бөлім қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Аққайың ауданының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.
11. Бөлім кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Бөлім заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
12. Мақсаттары:
ауданда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және іске асыру;
әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін және халықтың аз қамтылған топтарына әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;
мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту
13. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
қажет ақпараттарды, ауданның мемлекеттік органдарынан, ұйымдардан, мекемелерден, лауазымды тұлғалардан белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да құзыреттілікті жүзеге асырады
2) міндеттері:
бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілер жобасын әзірлеу және сараптау;
халықтың еңбек етуге, мемлекеттік қолдау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызмет көрсетуде конституциялық құқықтарын және мүддесін іске асыру;
әлеуметтік әріптестік жөніндегі жұмысты аудандық деңгейде ұйымдастыру;
басқалардан көмек қажет ететін жалғыз тұратың қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнайы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмысты ұйымдастыру;
халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясатын әзірлеу және іске асыруда жұмыс берушілер өкілдерінің, қызметкерлердің және қоғамдық ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету;
қоғамдық ұйымдармен, қоғамдармен, соғыс және еңбек ардагерлері Кеңестерімен өзара байланыс жасау.
14. Функциялары
халықты әлеуметтік қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу;
мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын әзірлеуге қатысу;
еңбек нарығындағы жағдайды талдау және болжау;
жоғары тұрған органдарға халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау және енгізу;
өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру;
ұлттық жобалар, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарлары, өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыру;
әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның жұмысын ұйымдастыру;
аудан әкімі, жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың аудандық бірлестіктері арасындағы аудандық үшжақты келісімді, аудандық үшжақты Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, Келісу және аудандық үшжақты комиссияны бекітуге ұсыну;
аудандық үшжақты Келісімді іске асыру бойынша қабылданған міндеттемелер мен іс-шаралардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу;
халықты жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламаларын және нысаналы топтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін арнайы іс-шараларды үйлестіру;
аудан әкімінің қарауына: аудан аумағында тұратын халықтың нысаналы топтарын айқындау және оларды қорғау жөніндегі әлеуметтік шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу және енгізу;
халықты жұмыспен қамту мәселелерін қарайтын атқарушы билік органдарының, жұмыс берушілер бірлестіктері мен кәсіподақтардың өкілдерінен құралатын консультативтік комиссиялар мен жұмыс топтарының жұмысына қатысу;
тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу;
еңбекші көшіп келушіге рұқсаттарды беру, ұзарту және кері қайтарып алу;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді кадрлық қамтамасыз етуді, әлеуметтік қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуде әлеуметтік көмек көрсету және үйлестіру;
жеке бағдарламаға сәйкес мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды санаторий-курорттық емдеуді қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу;
мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге құжаттарын рәсімдеу;
жеке бағдарламаға сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшіні, есту қабілеті нашар адамдар үшін жестау тілі маманын қызметтермен қамтамасыз етуге құжаттарын рәсімдеу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шараларын ұсыну көзделген;
Мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп - тұру құралдарымен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен,сурдо-тифло-техникалық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жоспарлау және ұйымдастыру;
Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдарына әлеуметтік бағдарламаларды шешуде консультациялық көмек көрсету және олардың қызметін үйлестіру;
талдау материалдарын дайындау, семинарларда, кеңестерде сөз сөйлеу, аудан тұрғындарымен кездесу;
жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мәселелері бойынша бағдарламалық базаларды пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету;
бөлімде лимиттердің жұмсалуын, әкімшілік бағдарламалардың шығыстар сметасының орындалуын, бюджеттік сыныптамаларды және бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізуді ұйымдастыру және бақылау;
Бөлім қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және сыныптамасын арттыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштерін, өтініштері мен шағымдарын белгілеу тәртібімен қарау және олар бойынша тиісті шаралар қабылдау.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес халықтың аз қамтылған топтарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
тиісті жылға аудан халқын әлеуметтік қорғау жүйесінің жергілікті бюджет жобасын әзірлеу;
аудан әкімінің және әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және мониторингілеу;
әлеуметтік қорғауға мұқтаж көпбалалы отбасыларды, ана мен баланы, мүгедектігі бар адамдарды, халықтың басқа да топтарын қорғауды қолдау жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға қатысу;
халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына, мемлекеттің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдіктерге үміткер халықтың басқа да топтарына әлеуметтік көмекке мұқтаждарды анықтау мәселелері бойынша ауылдық округтер әкімдері аппараттарына практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
жеке санаттағы мұқтаж азматтарға және атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
интернат-үйлеріне: психоневрологиялық, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған анықтауды және оларды осы мекемелерге жіберу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді қажет ететін азаматтарды, оның ішінде үйдегі әлеуметтік көмек бөлімшелері арқылы анықтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
әлеуметтік қолдау көрсету бойынша, оның ішінде үйде, мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері арқылы жұмысты ұйымдастыру;
аудан азаматтарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктермен (ардагерлер ұйымдарымен, мүгедектігі бар адамдарға қоғамдарымен, қайырымдылық қорларымен және басқа да коммерциялық емес ұйымдармен) бірлескен қызметті ұйымдастыру;
қайырымдылық қорларының, әлеуметтік көмекті жүзеге асыратын меценаттардың сұрау салуы бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың ақпаратын ұсыну;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету саласындағы өзге де өкілеттіктерді орындайды;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де функцияларды көрсетеді.
3-тарау. Мемлекеттік органның, бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
15. Бөлім басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
16. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
17. Бөлімнің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.
18. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:
бөлім қызметін басқарады және оған жүктелген міндеттер мен функциялардың орыдалуына жеке жауапкершілік артады;
өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, олардың орындалуын бақылайды;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңына, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес жұмысқа қабылдайды және босатады, оларға заңмен белгіленген ретте көтермелеу шараларын және тәртіптік жаза қолданады;
Бөлім мүддесінде белгіленген іс-қимылдарды жасауға Бөлім жұмыскерлеріне өкілеттік беріп, Бөлім атынан сенімхатсыз іс-қимыл жасайды;
бағыныстылар арасында жемқорлыққа қарсы шаралар қолданады, орындалуына жеке жауапкершілік артады;
Қазақстан Республикасының заңнамаларының талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді;
ерлер мен әйелдердің тең мүмкіншіліктерін және құқықтарының мемлекеттік кепілі туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді;
қаржыландыру жоспарының үнемделуі шегінде мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру, қосымша ақы белгілеу, құрылымды, Бөлім туралы Ережені аудан әкімдігіне бекітуге ұсынады;
Бөлім құзыретінің шегінде қызметтік құжаттамаға қол қояды;
бюджетте көрсетілген қаржы құралдарына өкімдік жүргізеді, Бөлімнің шығыс сметасын бекітеді;
әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге біліктілік талаптарының Жиынтығын бекітеді;
жеке құрам бойынша бұйрық шығарады, бөлім қызметшілерін іссапарларға жолдайды;
мемлекеттік қызметшілердің кадрлар біліктілігін жоғарылатуын және қайта даярлығын, даярлығын, оқуын қамтамасыз етеді;
Аққайың ауданы әкімінің келісуімен «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
Аққайың ауданы әкімінің келісуімен «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады
Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
19. Бірінші басшы өз орынбасарының және бағыныстылардың өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Бөлім заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Бөлім мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Бөлім бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Бөлім қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Солтүстік Қазақстан облысы
Аққайың ауданы әкімдігінің
2026 жылғы 13 қаңтардағы
№ 5 қаулысына қосымша
«Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
2026 ж.
1. Жалпы ережелер
1. «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Орталық) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
2. Орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік мекеменің түрі – коммуналдық.
4. Орталықтың құрылтайшысы Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының әкімдігі болып табылады (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган), ол Мекемеге қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асырады.
5. Мекеме қызметін үйлестіру функцияларын жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Уәкілетті орган) болып табылады.
6. Орталықтың атауы: «Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
7. Орталықтың орналасқан жері: 150300 индексі, Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Смирново ауылы, 9 Мамыр көшесі, 67-үй.
8. Осы Ереже Орталықтың құрылтай құжаты болып табылады.
9. Орталықтың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Аққайың ауданының бюджеті қаражаты есебінен қаржыландырылады.
2. Орталықтың заңды мәртебесі
10. Орталықтың дербес балансы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары, бланкілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы бар мөрлері болады.
11. Орталық Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа заңды тұлғаны құруға, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) болуға құқылы емес.
12. Орталық өз міндеттемелері бойынша өз қарамағындағы ақшалай қаражатпен жауап береді. Ақшалай қаражат жеткіліксіз болған жағдайда оның міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауапкершілікті тиісті бюджет қаражаты есебінен құрылтайшы көтереді.
13. Орталықтың азаматтық-құқықтық мәмілелері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органдарында міндетті тіркеуден өткеннен кейін күшіне енеді.
3. Орталықтың қызметінің мәні мен мақсаттары
14. Орталықтың қызметінің мәні – арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес көрсетіледі.
15. Орталықтың мақсаты – бөгде күтім мен көмекке мұқтаж жалғызбасты қарт еңбекке жарамсыз адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.
16. Қойылған мақсаттарды іске асыру үшін Орталық мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) қызмет алушылардың мынадай санаттарына (бұдан әрі – қызмет алушылар) тұрғылықты жері бойынша үйде күтім көрсету, тәулік күндізгі уақытта, стационарлық және жартылай стационарлық жағдайларда арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін көрсету:
- психоневрологиялық патологиялары бар мүгедектігі бар балаларға;
- тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға;
- психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға;
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- кәрілік жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз адамдарға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау;
3) халық арасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге деген қажеттілікті талдау жүргізу.
17. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде қызмет көрсетуге қабылданады және қызмет көрсетуден шығарылады.
18. Орталық осы Ережеде бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсатына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға құқылы емес.
19. Орталықтың қызмет мақсаттарына қайшы келетін, Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен шектелген не басшының жарғылық құзыретін бұза отырып жасалған мәміле мемлекеттік басқару органының немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
20. Орталықтың жарғылық емес қызметін жүзеге асыруға бағытталған басшының әрекеттері еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік әрі материалдық жауапкершілікке әкеп соғады.
4. Орталықты басқару
21. Орталықты басқаруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
22. Жергілікті атқарушы орган заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Орталыққа мүлікті бекітіп береді;
2) Орталық мүлкінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
3) Орталықтың Ережесін және оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
4) Уәкілетті органмен келісім бойынша Орталықты қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;
5) Орталықтың қаржыландыру жоспарын бекітеді;
6) Орталық басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, қызметтен босату негіздерін айқындайды;
7) Орталықтың құрылымы мен штаттық бірліктерінің шекті санын бекітеді;
8) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;
9) осы Ережеде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
23. Орталықтың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергілікті атқарушы органмен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
24. Басшы Орталықтың жұмысын ұйымдастырады және басқарады, тікелей жергілікті атқарушы органға бағынады және өзіне жүктелген міндеттердің орындалуына жеке жауапкершілік алады.
25. Басшы дара басшылық қағидатында әрекет етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге сәйкес өз құзыреті шегінде Орталықтың қызметіне қатысты мәселелерді дербес шешеді.
26. Орталықтың осы Ережеден тыс қызметті жүзеге асыруға бағытталған басшының әрекеттері еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік әрі материалдық жауапкершілікке әкеп соғады.
27. Орталықтың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) сенімхатсыз Орталық атынан әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда Орталықтың мүдделерін білдіреді;
3) шарттар жасайды;
4) сенімхаттар береді;
5) қызметкерлерді іссапарларға, тағылымдамаларға, оқытуға жіберу жоспарларын бекітеді;
6) банктік шоттар ашады;
7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
8) Орталық мүлкінің сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
9) Орталық қызметінің саясаты мен стратегиясын айқындайды;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдайды және жеке жауапкершілік көтереді;
11) жергілікті атқарушы орган тағайындайтын қызметкерлерді қоспағанда, қызметкерлерді жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
12) қызметкерлерге көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;
13) қызметкерлердің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
14) жұмыстың ұтымды нысандары мен әдістерін енгізу, материалдық-техникалық базаны дамыту жөнінде шаралар қабылдайды;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және жергілікті атқарушы органның тапсырмаларына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Орталық мүлкін қалыптастыру тәртібі
28. Орталықтың мүлкі заңды тұлғаның активтерінен тұрады және оның балансында көрсетіледі. Орталықтың мүлкі:
1) меншік иесі берген мүлік;
2) өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлік (оның ішінде ақшалай кірістер);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
29. Орталық өзіне бекітілген мүлікті және смета бойынша бөлінген қаражат есебінен алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен оған билік етуге құқылы емес.
30. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен Орталыққа кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, мұндай қызметтен алынған ақша Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңында көзделген салаларда өндірілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен ақшаны қоспағанда, тиісті бюджетке есепке жатқызылады.
31. Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, Орталықтың қызметі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
32. Орталық бухгалтерлік есепті жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілікті ұсынады.
33. Орталықтың қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру мен ревизияны жергілікті атқарушы орган заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
6. Орталықтағы жұмыс режимі
34. Орталықтың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.
7. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
35. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша енгізіледі және Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңына сәйкес әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтеді.
8. Қайта ұйымдастыру және тарату шарттары
36. Орталықты қайта ұйымдастыру және тарату жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.
37. Мемлекеттік заңды тұлға заңнамалық актілерде көзделген өзге де негіздер бойынша таратылуы мүмкін.
38. Таратылған Орталықтың кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкі жергілікті атқарушы органмен қайта бөлінеді.
39. Таратылған Орталықтың ақшалай қаражаты, оның ішінде осы заңды тұлғаның мүлкін сатудан алынған қаражат кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі.
9. Филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер
38. Орталықтың филиалдары мен өкілдіктері жоқ.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.