Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы

    ЖаңаҮкіметтің қаулысы
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 13 қаңтар 2026 ж.

    Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы

    «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

    1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін қосу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

    2. Мыналар:

    1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып;

    2) кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы:

    экономикалық бағалауды қамтитын жерлердің сапасын есепке алу;

    жерлердің мониторингін жүргізу;

    топырақтық, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеп-қарауды және топырақты бонитирлеуді жүргізу;

    ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттар үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қою кезіндегі ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын айқындау;

    ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын дайындау;

    бүлінген және тозған жерлердің сапалық жай-күйін қалпына келтіру жөніндегі жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізу;

    елді мекендердің жерлерін қоспағанда, жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындауды қамтитын жерлерді мемлекеттік кадастрлық бағалау;

    ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету болып айқындалсын.

    3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге енгізсін;

    2) кәсіпорынның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

    3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

    4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

    1) «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысында:

    көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:

    Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесінде:

    5-тармақ алып тасталсын;

    2) «Министрліктердің аумақтық органдары мен орталық ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердегі адам саны ескерілген штат санының лимиттерін бекітудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі № 339 қаулысында:

    көрсетілген қаулымен бекітілген министрліктердің аумақтық органдары мен оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелеріндегі адам саны ескерілген штат санының лимиттерінде, сондай-ақ министрлер орынбасарларының шекті санында:

    қызмет бабында пайдалану үшін;

    3) «Мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 755 қаулысында:

    көрсетілген қаулыға қосымшада:

    Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті тиісті саланың уәкілетті органы болып айқындалған республикалық мемлекеттік мекемелердің тізбесінде:

    1-тармақ алып тасталсын.

    5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

    Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

    О. Бектенов

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.