«Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының 1 қосымшасы на сәйкес «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте:
1) Мекемені Алматы қаласынының әділет органдарында қайта тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының 2 қосымшасы на сәйкес Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласының әкімі
Д. Сатыбалды
Алматы қаласы әкімдігінің
2025 жылғы «___» ___________ № _____
қаулысына 1 қосымша
«Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Алматы қаласының аумағында ішкі және мемлекеттік ақпараттық саясат саласындағы, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық келісімді қамтамасыз ету, тілдерді дамыту және ономастика саласындағы қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Алматы қаласының әкімдігі болып табылады.
4. Басқарма коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделген шешімдер қабылдайды.
8. «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің атауы:
мемлекеттік тілде: «Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: коммунальное государственное учреждение «Управление внутренней политики города Алматы».
10. Басқарманың орналасқан жері: 050001, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 4.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Басқарманың міндеттері мен өкілеттіктері
14. Мақсаттары:
1) ішкі саяси тұрақтылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
2) белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға және азаматтардың қаланың қоғамдық-саяси өміріне қатысу деңгейін арттыруға ықпал ететін саяси мәдениетті қалыптастыру;
3) мемлекеттік стратегиялар, бағдарламалар мен тұжырымдамалар шеңберінде жүйелі идеологиялық және ағартушылық жұмыстар арқылы қала тұрғындарының бірлігін, азаматтық жауапкершілігін және құқықтық мәдениетін нығайту;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды тәрбиелеу арқылы қала халқының патриоттық сезімін және құқықтық санасын қалыптастыру;
5) өзекті әлеуметтік проблемаларды бірлесіп шешу үшін азаматтық қоғамды дамыту және үкіметтік емес ұйымдармен қатынастарды нығайту;
6) халықтың әртүрлі санаттарына тиімді қолдау көрсетуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру;
7) мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, басымдықтары мен шаралары туралы халықты кеңінен хабардар етуді қамтамасыз ету;
8) қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өмірі туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру;
9) Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;
10) қоғамда толеранттылықты нығайтуға, бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін ілгерілетуге бағытталған мәдениетті қалыптастыру;
11) Алматы қаласы бойынша тiлдердi дамытуға бағытталған шаралар кешенiн жүзеге асыру, тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау, ономастика комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету;
12) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
15. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
Алматы қаласының барлық мемлекеттік органдарынан және өзге де органдардан қажетті ақпаратты сұрату және алу;
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес хаттамалар жасау;
өз құзыретінің шегінде ақпараттық сипаттағы іс-қимылдар кешені арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сақтау және нығайту бойынша қажетті шаралар қабылдау;
Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте сотқа талап-арызбен жүгіну;
өзіне берілген мүлікті басқаруды жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;
2) міндеттері:
Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихаты бекітетін бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;
Басқарманың құзіретіне кіретін қала әкімдігінің қаулыларының, өкімдерінің, актілерінің жобаларын әзірлеу;
қала әкіміне жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат мәселелері жөніндегі қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
реформалар бағытын, басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды түсіндіру барысы туралы қала әкіміне талдамалық анықтама дайындау жөніндегі жұмысты үйлестіру;
барлық қалалық қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық, ақпараттық ойын-сауық іс-шараларға қатысу;
өз функцияларын орындауға қажетті ақпаратты белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан сұрату, Басқарма құзыретіне жататын мәселелерді дайындауға мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тарту, тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құру;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да міндеттерді жүзеге асыру.
16. Функциялары:
1) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңына сәйкес бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді, хабарламаларды қарау;
2) рұқсат етілмеген жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларына Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңының нормалары мен талаптарын түсіндіру;
3) Алматы қаласының аумағындағы саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен және олардың филиалдарымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ олар өткізетін іс-шараларға қатысу;
4) ақпараттық кеңістікке (электрондық және баспа БАҚ, интернет-басылымдар, әлеуметтік желілер және басқалар) талдау және мониторинг жүргізу арқылы жалпы үрдістерді анықтау және қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйін болжау;
5) әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарын жинақтау және талдау;
6) қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ету үшін консультативтік-кеңесші органдардың қызметін ұйымдастыру;
7) жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі қызметін үйлестіру, олардың тартылу, қатысу, ынтымақтасу тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
8) халық арасында қазақстандық қоғам үшін дәстүрлі құндылықтарды ілгерілету, азаматтардың патриотизм және әлеуметтік жауапкершілік сезімдерін нығайту жөніндегі ақпараттық шаралар кешенін ұйымдастыру;
9) әкімдік жұмысын қоғамдық пікірді талдау, ақпараттық кеңістік мониторингі арқылы ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу (электрондық және баспа БАҚ, интернет-басылымдар, әлеуметтік желілер және басқалары) және қаланы дамыту мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу;
10) мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, қаланың өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру кампанияларын медиажоспарлау, әзірлеу және іске асыру;
11) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
12) Басқарманың құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты іске асыру және оның жүзеге асырылуын бақылау;
13) Басқарманың құзыреті шегінде мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар мен құжаттарды түсіндіру және ілгерілету жөніндегі ақпараттық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
14) азаматтарды ұйымдастырушылық, консультативтік-әдістемелік, ақпараттық қолдау бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобаларды іске асыру;
15) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелерге қатысты басқару органының функцияларын жүзеге асыру;
16) жергілікті атқарушы органның атынан акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде мемлекеттің қатысу құқығын жүзеге асыру;
17) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдардың және мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс істеуі мен оларды басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыру және жүргізу;
18) азаматтық қоғам институттарын тарта отырып, халық арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және ілгерілету;
19) қаланы дамыту және азаматтық жауапкершілік пен патриотизм сезімін қалыптастыру туралы талқылауға азаматтар мен азаматтық қоғам институттарын тарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
20) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін халық арасында танымал ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
21) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалануды ретке келтіруді бақылау;
22) қала тұрғындары арасында әлеуметтік және қоғамдық көңіл-күйді зерделеуге бағытталған әлеуметтік зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
23) этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және өңірлік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
24) этносаралық саясат мәселелері бойынша талдамалық, анықтамалық және ақпараттық материалдар дайындау;
25) Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының жүйесіне кіретін этномәдени бірлестіктердің, жастар және қоғамдық құрылымдардың қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
26) қазақ тілінің мемлекеттік басқару мен іс жүргізудің негізгі тілі ретіндегі әлеуметтік-коммуникативтік қызметін қамтамасыз ету;
27) қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастыру, қазақ және этникалық тілдерді үйренуге мемлекеттік қолдау көрсету;
28) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, қазақ тілін танымал ету және мемлекеттік тілді қолдану мәселелерінде қоғамдық пікір қалыптастыру жөніндегі азаматтық бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсету; 29) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әдістемелік көмек көрсету;
30) Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылау және мониторинг, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
31) қалада маңдайшаны орналастыру туралы хабарламаларды «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қабылдау және қарау;
32) Алматы қаласындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге жеке адамдардың есімдерін беру, атау беру және қайта атау жөнінде ұсыныстар әзірлеу, қоғамдық талқылау өткізу, ономастика комиссиясының қаруына енгізу, Алматы қаласы мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен шешімін шығару;
33) акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) алған таза табысын бөлу туралы шешім қабылдау және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекетке тиесілі акцияларына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) дивиденттерді (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысының бір бөлігін) акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестің) мемлекетке тиесілі акцияларына аударған күнінен бастап он күн ішінде жалғыз акционердің (қатысушының) шешім қабылдауы;
34) акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналыстарын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза табысының бір бөлігін жергілікті атқарушы орган белгілеген мөлшерде дивидендтер (кіріс) төлеуге жіберу үшін шаралар қабылдау;
35) жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың орналастырылатын акцияларына ақы төлеуді және Қазақстан Респпубликасының Бюджет кодексіне сәйкес ақша енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салымды, сондай-ақ коммуналдық мүлікті, оның ішінде акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін енгізуді жүзеге асыру;
36) акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысына акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) директорлар кеңесіне (байқау кеңесіне) сайлау үшін кандидатуралар ұсыну және жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша жалғыз акционері мемлекет болып табылатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) директорлар байқау кеңесінің құрамын қалыптастыру;
37) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
38) петицияларды қарастыру;
39) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқармаға жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттігі
17. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуын және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
18. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
19. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады;
20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Басқармаға жүктелген міндеттер мен ол жүзеге асыратын өз функцияларын орындауға дербес жауапты болады;
2) өзінің орынбасарлары мен басқарма бөлімдері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
3) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдау үшін дербес жауапты болады;
5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте Басқарма қызметкерлерін көтермелеу, тәртіптік жаза қолдану бойынша шаралар қабылдайды;
7) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарма атынан өкілдік етеді;
8) өз өкілеттігі шегінде бұйрықтар шығарады;
9) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;
10) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
21. Бірінші басшы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді.
4. Басқарманың мүлкі
22. Басқарманың қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда оралымды басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер қолданыстағы заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың және оның ведомстваларының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
2. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
3. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
4. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Мониторинг және талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.
Алматы қаласы әкімдігінің
2025 жылғы «___» ___________ № _____
қаулысына 2 қосымша
Алматы қаласы әкімдігінің күші жойылған деп танылған қаулыларының тізімі
1. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы» 2022 жылғы 1 маусымдағы №2/243 қаулысы;
2. Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 26 сәуірдегі №2/279 қаулысының 1 тармағының 11) тармақшасы;
3. Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 14 маусымдағы №2/345 қаулысының 1 тармағының 12) тармақшасы.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.