«Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10999 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-тармағының 19-14) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 108) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Байланыс қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 1-тармағының 19-14) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 108) тармақшасына сәйкес әзірленді және байланыс қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) абоненттер және (немесе) байланыс қызметтерін пайдаланушылар туралы қызметтік ақпарат (бұдан әрі – қызметтік ақпарат) – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметі мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және мыналарды:
абоненттік нөмірлер және (немесе) пайдаланушылар нөмірлері иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты;
ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпаратты;
биллингтік мәліметтерді (абонент және (немесе) пайдаланушы алған қызметтер туралы мәліметтерді);
техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының орналасқан жерін;
деректер беру желісіндегі мекенжайды;
деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайын;
интернет-ресурстың сәйкестендіргіштерін;
деректер беру желісінің хаттамаларын қамтитын абоненттер және (немесе) байланыс қызметтерін пайдаланушылар туралы мәліметтер;
3) абонентті сәйкестендіру картасы – абонентті сәйкестендіретін және абоненттің ұялы байланыс операторының қызметтеріне (SIM/R-UIM-, USIM-, eSim- карталар және басқалар) қол жеткізуін қамтамасыз ететін, абоненттік құрылғының бір бөлігі болып табылатын жеке қол жеткізудің сәйкестендіру микропроцессорлық модулі (алмалы-салмалы немесе кіріктірілген);
4) абоненттік жол – жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;
5) абоненттік құрылғы – абоненттің көздеген ақпаратын беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын, жеке пайдаланылатын байланыс құралы;
6) абоненттік нөмір – байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу кезінде абонентке пайдалануға бөлінетін нөмір, ол бойынша абоненттік құрылғы сәйкестендіріледі, оның көмегімен басқа абоненттік жабдықпен байланыс орнатылады және абонентті желіде сәйкестендіруге мүмкіндік береді;
7) абоненттік нөмірді көшіру – абоненттің басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасу кезінде оған ұсынылатын, ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді сақтап қалу және пайдалану бойынша көрсетілетін қызмет;
8) абоненттің жеке шоты (бұдан әрі – жеке шот) – көрсетілетін қызметтердің көлемін, абонентпен жасалған шартқа сәйкес көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу шотына енгізілген ақшаның түсуі мен жұмсалуын есепке алуға арналған байланыс операторының биллинг жүйесіндегі талдамалық есепке алу тіркелімі;
9) абоненттің өтініші – абоненттің операторға жазбаша нысанда, сондай-ақ автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы немесе оператордың анықтамалық-ақпараттық қызметіне, оның ішінде көпфакторлы аутентификацияны пайдалана отырып жүгінуі;
10) автоматты қызмет көрсету жүйесі – абонентке байланыс қызметтерін және олармен технологиялық байланысты қызметтерді, тарифтік жоспарды жеке кабинет арқылы (SMS -, MMS-немесе USSD-сұрау жіберу арқылы) немесе оператор ұсынатын техникалық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы қосу немесе ажырату мүмкіндігін беретін кешенді қызмет көрсету жүйесі;
11) авторизация – нәтижесінде абонентте және (немесе) пайдаланушыда Интернетке қолжетімділік қызметтерін алуға құқықтың болуы белгіленетін, абонент және (немесе) пайдаланушы енгізген аутентификациялық деректерді байланыс операторының серверінде талдау процесі;
12) аймақтық телефон байланысы – жергілікті телекоммуникация желісіне қосылған және бір нөмірлеу аймағы шегінде орналасқан пайдаланушы (түпкілікті) жабдығы арасындағы телефон қосылысы;
13) алдын ала төленген топтама – белгілі бір тарифтік жоспарға бағдарланған бастапқы теңгерімімен абоненттік нөмір;
14) аутентификациялық деректер – Интернетке қол жеткізу қызметтерін және/немесе олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді алу құқықтарын растау үшін пайдаланатын абоненттің бірегей логині (login) және паролі (password), аутентификациялық деректер ретінде абоненттік нөмір де пайдаланылуы мүмкін;
15) базалық тарифтік жоспар – абоненттік төлемсіз аванстық есеп айырысу тәртібі бар және ұялы байланыстың негізгі қызметтерін қамтитын тарифтік жоспар;
16) байланыс арнасы – жиіліктер белдеуінде немесе осы байланыс арнасына тән беру жылдамдығымен телекоммуникация құралдары арасында сигнал беруді қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен тарату ортасының кешені. Байланыс түріне қарай арналар - телефон, телеграф, деректер беру арналары, ал аумақтық белгілері бойынша — халықаралық, қалааралық, аймақтық және жергілікті арналар болып бөлінеді;
17) байланыс жолдары – тарату жолдары (кәбілдік, радиорелелік, спутниктік және басқалары), байланыстың физикалық тізбектері және жол-кәбілдік, оның ішінде магистральдық (халықаралық және қалааралық) құрылғылары;
18) байланыс қызметтері – пошта және арнаулы жөнелтілімдерді, пошталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;
19) байланыс қызметтерін көрсету – байланыс операторларының пайдаланушыларға экономикалық қызмет түрлерінің жалпы өнім жіктеуішінде келтірілген байланыс қызметтерін көрсету болып табылатын қызметі;
20) байланыс қызметтерін пайдаланушы – байланыс қызметтері көрсетілетін жеке немесе заңды тұлға;
21) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
22) байланыс операторының әрекет ету аймағы – байланыс операторы өзінің телекоммуникация желісінің мүмкіндіктеріне сәйкес телефон байланысы қызметтерін көрсетуге кепілдік беретін аумақ;
23) биллинг – абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
24) донор-оператор (бұдан әрі – донор) – байланыс желісінен абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыратын ұялы байланыс операторы;
25) есепке алу кезеңі – күнтізбелік ай, осы кезең ішінде тарифтік жоспарға сәйкес көрсетілген және есептелген байланыс қызметтері және өзге қызметтер;
26) жалғау жолы – телекоммуникациялардың жалғайтын және жалғанатын желілері арасындағы әрекеттестікті қамтамасыз ететін, байланыс жолы мен станциялық жабдықтың бөліктерін қамтитын техникалық құралдар кешені;
27) жария шартқа қосылу – байланыс операторы мен абонент арасында шарт жасасу тәсілі, бұл ретте қосылатын абонент ұсынылған жария шарттың талаптарын формулярға қол қою арқылы немесе оператор белгілеген нысан бойынша осы қосылу туралы айтылған автоматты қызмет көрсету жүйесін пайдалану арқылы растаудың өзге тәсілімен қабылдайды;
28) жеке кабинет – абоненттің оператордың интернет-ресурсындағы немесе абоненттік құрылғыдағы мобильді қосымшадағы өзіне-өзі қызмет көрсетудің, қызметтерді бақылау мен басқарудың, сондай-ақ абонент және (немесе) пайдаланушы деректерді енгізу арқылы (абоненттік нөмір, пароль, код сөзі және (немесе) кіруі жүзеге асырылатын заңды маңызы бар әрекеттерді жасаудың Автоматты интерфейсі бар дербес бөлімі) көп факторлы аутентификацияны қоса алғанда, өзге де деректер);
29) жергілікті телекоммуникация желісі – елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған телекоммуникация желісі мен құралдары. Жергілікті телекоммуникация желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және ауылдық болып бөлінеді;
30) жергілікті телефон байланысы – телекоммуникацияның бір жергілікті желісі шеңберіндегі абоненттер, пайдаланушылар арасындағы телефон қосылуы;
31) Интернетке жылжымалы байланыс желілері қол жеткізу қызметтері – сағатына 150 км дейінгі ауысу жылдамдығымен байланысты үзусіз бір базалық станцияның бір қолданыс аймағынан басқа аймаққа ауыса отырып, абоненттік құрылғының Интернет желісінде жұмыс істеу мүмкіндігі;
32) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті – пайдаланушыларға ақылы немесе ақысыз Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету орны;
33) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінің иесі (бұдан әрі – иесі) – Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті меншікті құқықтарда немесе өзге заңды негіздерде тиесілі жеке немесе заңды тұлға;
34) Интернетке қол жеткізу қызметі – интернет желісін пайдалана отырып, деректерді қабылдау және беру бойынша қызмет;
35) Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
36) Интернетке тіркелген байланыс желілері арқылы қол жеткізу – белгілі базалық станцияның қолданыс радиусында абоненттік құрылғының Интернетте жұмыс істеу мүмкіндігі, бір аймақтан басқа аймаққа ауысу кезінде байланыс үзіледі және қайта қалпына келеді;
37) контент – провайдер қызметінің мазмұнды бөлігі (мазмұнмен түрлі деректер/ақпарат анықталуы мүмкін: мәтіндік/бейне/аудио файлдары, графикалық кескіндер, фотосуреттер, ғылыми деректер және тағы басқалары);
38) қызметтерге ақы төлеудің аралас жүйесі – белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлемдер сомасы:
тұрақты құрамдас бөліктен – абоненттік жолдың түріне қарамастан, оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені және жергілікті жалғанымдардың тарифтеу бірліктерінің белгілі бір көлемі үшін төлемақыдан;
уақытына қарай құрамдас бөліктен – тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефон жалғанымы берілгені үшін төлемақыдан тұратын ақы төлеу жүйесі;
39) қызметтерге уақытына қарай ақы төлеу жүйесі - байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңі үшін төлем сомасы тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефон жалғанымының берілгені үшін төлемақыны қамтитын қызметтерге ақы төлеу жүйесі;
40) қысқа мәтінді және мультимедиалық хабарлама – ұялы байланыс операторының ұялы байланыс желісі арқылы ақпаратты қабылдау және беру бойынша көрсететін қызметі;
41) оператордың өкілі (агент, делдал, дистрибьютор, сондай-ақ олардың қосалқы агенттері мен өкілдері) – сенімхаттың не:
абоненттің абоненттік нөмірлерін және сәйкестендіру карталарын таратуды жүзеге асыруға;
абоненттік нөмірлерді және абонентті сәйкестендіру карталарын таратуды жүзеге асыруға;
операторлардың абоненттеріне қызметтер ұсынуға (төлемдер қабылдау, SIM/R-UIM – карталарды ауыстыру) жасалған тиісті шарттың негізінде уәкілетті заңды немесе жеке тұлға;
42) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі – жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;
43) реципиент-оператор (бұдан әрі – реципиент) – байланыс желісіне абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыратын ұялы байланыс операторы;
44) роуминг – ұялы байланыс операторларының арасындағы роумингтік келісім негізінде ұялы байланыс операторының абонентіне басқа елдің ұялы байланыс операторының желісінде ұялы байланыс қызметтерін көрсету. Роумингті іске асыру үшін абоненттік құрылғысының (абоненттің ұялы телефонының) және басқа шетелдік оператор желісінің техникалық үйлесімділігі қажет;
45) роуминг әріптес – Қазақстан Республикасынан тыс жерде роуминг қызметтерін шарттың негізінде ұсынатын шетелдік ұялы байланыс операторы;
46) сәйкестендіру коды – дайындаушы зауыт беретін абоненттік құрылғының немесе абоненттік стансаның коды және ол оған осы құрылғыны қосу кезінде байланыс операторының желісіне беріледі;
47) тариф – байланыс қызметтерін тарифтеу бірлігі мөлшерінің құнының ақшалай көрінісі байланыс операторы белгілеген байланыс қызметтерін көрсеткені үшін төлем;
48) тарифтеу бірлігі – Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желісіне кіретін байланыс операторлары мен барлық санаттағы желі иелері үшін міндетті болып табылатын, байланыс қызметтерінің тиісті түрі үшін төлемақы алынатын уақытты, ақпарат санын немесе көлемін өлшеу бірлігі;
49) тарифтік жоспар – байланыс операторы абоненттерге немесе абоненттердің белгілі бір тобына немесе белгілі бір шектеулі аумақта белгілейтін байланыс қызметтерінің тізбесі мен құнын, оларды ұсыну және тарифтеу ерекшеліктерін айқындайтын тарифтік ұсыныстар жүйесі;
50) телекоммуникация желісі – коммутациялық жабдықтан (станциялардан, кіші станциялардан, концентраторлардан), жол-кабельдік құрылыстардан (абоненттік жолдардан, жалғау жолдары мен байланыс арналарынан), беру жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын, телекоммуникация хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарының жиынтығы;
51) телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) – электрмагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, таратуға, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдық, жүйелер және бағдарламалық құралдар;
52) телефон байланысының және Интернетке қол жеткізудің есептік кезеңі – байланыс операторы белгілеген есептік кезең аяқталғаннан кейінгі кезең, оның барысында абонент көрсетілген тіркелген телефон байланысы және Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлейді;
53) телефон қосылыстары қызметіне ақы төлеудің абоненттік тіркелген жүйесі (бұдан әрі – қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) – байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы абоненттік желіжолды оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергілікті телефон қосылысының бір абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;
54) терминал – абоненттік желіге қосылатын, байланыс арналары арқылы абонент және (немесе) пайдаланушы берген ақпаратты беру және (немесе) қабылдау үшін электр байланысының сигналын қалыптастыратын терминалдық жабдық;
55) терминалдарды қосудың қосарланған схемасы – екі терминалды бір абоненттік желіге қосу тәсілі, бұл кезде осы екі терминал үшін оларды бір уақытта байланыстыру мүмкін емес;
56) техникалық мүмкіндік – абонентке байланыс қызметтерін көрсету үшін қажетті байланыс операторы желілерінің қолданылу аймағында жұмыс істейтін техникалық байланыс құралдары мен құрылыстарының болуы, сондай-ақ бос ресурстардың (нөмірлеу ресурсы және (немесе) абоненттік және (немесе) пайдаланушылық байланыс желілерінің) болуы;
57) техникалық шешім – оператор әзірлейтін және қолдайтын бағдарламалы-техникалық құралдардың кешені, қызметтерге абоненттердің (пайдаланушылардың), оның ішінде оператордың желісі арқылы провайдердің қатынауын қамтамасыз ететін оператордың желісінде ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар;
58) трафик – байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен дабылдар легі;
59) ұялы байланыс – қызмет көрсетілетін аумақты бірқатар ұяшықтарға бөлуді пайдаланатын, абонент ұяшықтан ұяшыққа өткен кезде байланыстың үзіліссіз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін және радиотолқындар арқылы берілетін екіжақты (көпжақты) ақпарат алмасуға арналған электр байланысының түрі;
60) ұялы байланыстың есептік кезеңі – кредиттік есеп айырысу тәртібі бойынша ұялы байланыс операторымен абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлейтін есептік кезең аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік отыз күн;
61) ұялы байланыс желісі – коммутация құралдарының және радиосигналдарды қабылдау-тарату жабдықтарының көмегімен абоненттік құрылғылардың қосылысын орнатуға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар мен жабдықтар кешенінен тұратын Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінің санаты;
62) ұялы байланыс операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы;
63) ұялы байланыс қызметтерін пайдаланушы – ұялы байланыс қызметтерін және (немесе) олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді алатын, оған абонент уақытша пайдалануына абоненттің сәйкестендіру картасын берген жеке тұлға. Бұл ретте ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттер абоненттің атында толық көлемде сақталады;
64) ұялы байланыс операторының қызмет көрсету аймағы – ұялы байланыс операторының лицензияға және өз желісінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін аумағы;
65) ұялы байланыс операторының хабардар етуі – абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсету бойынша жолданатын байланыс операторының жазбаша, дыбыстық немесе мәтіндік (байланыс операторы құралдарын және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып) хабарламасы;
66) үкіметтік байланыс – мемлекетті басқару қажеттілігі үшін арнайы қорғалған байланыс;
67) шекті сома – роуминг қызметтерін қосуға қажетті, абоненттің жеке шотына есептелетін және одан әрі абоненттің ұялы байланыс қызметтеріне, оның ішінде роумингте ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеуге арналған сома;
68) шоттың нақтылануы – абоненттік нөмірлерді, жасалған қосылыстардың күні мен уақытын, көрсетілген ұялы байланыс қызметтерінің түрлерін көрсете отырып, абоненттің өз операторының желісінде және басқа операторлардың желілерінде алған барлық ұялы байланыс қызметтері туралы ақпарат;
69) ірі апат – сыйымдылығы 100 және одан да көп абоненттік желіжолдардан тұратын байланыс желілерінің немесе коммутациялық жабдықтардың зақымдануы.»;
110, 111, 112, 113-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«110. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде Интернетке қол жеткізуге рұқсат алу үшін пайдаланушы арнайы нысандағы «Логин» жолына абоненттік нөмірін енгізу арқылы авторизацияланады және «Парольды алу» нысанының белсенді элементін пайдалану жолымен бір реттік дербес сәйкестендіргішке (парольге) сұрау салады немесе пайдаланушы Интернет желісіне қол жеткізу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы «электрондық үкімет» веб-порталында авторизациялануы қажет.
111. Интернет желісіне қоғамдық қол жеткізу қызметтерін көрсететін байланыс иесі немесе операторы пайдаланушыны мынадай тәсілдердің бірімен:
«Логин» жолында пайдаланушы көрсеткен абоненттік нөмірге
SMS-хабарлама түрінде бір реттік дербес сәйкестендіргіш (пароль) жіберілгеннен кейін;
пайдаланушы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы «электрондық үкімет» веб-порталында авторизацияланғаннан кейін Интернет желісіне қосады.
112. Пайдаланушының авторизациясы SMS-хабарламада алынған бір реттік дербес сәйкестендіргішті (парольді) енгізгеннен кейін не электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, «электрондық үкімет» веб-порталында авторизация жолымен аяқталады.
113. Пайдаланушы алған бір реттік дербес сәйкестендіргіштің (парольдің) жарамдылық мерзімі Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде пайдаланушының абоненттік құрылғысын Интернеттен ажыратқан сәтке дейін қолданылады.».
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Ж. Мадиев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.