Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталықтарын қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы
«Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 1-4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталықтарын қаржыландыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
О. Бектенов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы
№ қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталықтарын қаржыландыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталықтарын қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 1-4) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленді және Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталықтарын қаржыландыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) активтер – құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар, сондай-ақ мәдениет орталығының меншігіндегі мәдени құндылықтар;
2) бюджет – белгілі бір қаржы жылына арналған шығыстар мен кірістер жоспары;
3) кірістер – мәдениет орталығы қызметінің нәтижесінде, сондай-ақ ерікті қайырмалдық және қайырымдылық көмектен алынған ақшалай қаражат;
4) қабылдаушы тарап – аумағында мәдениет орталығы орналасқан шет мемлекет;
5) Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталығы (бұдан әрі – мәдениет орталығы) – білім беру әлеуетін, ғылыми және мәдени әлеуетті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтарын дамыту және тарату мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыратын ұйым;
6) қаржы жылы – бюджеттің атқарылуы жүзеге асырылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсан кіретін уақыт кезеңі;
7) мәдениет орталығының басшысы – уәкілетті орган тағайындайтын, мәдениет орталығының қызметіне басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
8) мәдениет орталығы басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының азаматы, орталықтың қызметін ұйымдастыруға бағытталған функцияларды жүзеге асыратын тұлға, орталық қызметінің нақты бағыттарына жауапты және мәдениет орталығы басшысы болмаған жағдайда оның міндеттерін атқаратын, уәкілетті орган тағайындайтын тұлға;
9) мәдениет орталығының жұмыскері – Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, бекітілген штат бірлігіне сәйкес мәдениет орталығының басшысы тағайындайтын және қызметін шарт негізінде жүзеге асыратын тұлға (бұдан әрі – жұмыскер);
10) мәдениет орталығының қызметкері – қызметін шарт негізінде жүзеге асыратын тұлға (бұдан әрі – қызметкер), онымен еңбек қатынастары орналасқан елдің заңнамасына сәйкес реттеледі;
11) отбасы мүшелері – мәдениет орталығы басшысының, басшысының орынбасарының, жұмыскерінің үнемі бірге тұратын жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптының ортақ немесе біреуінің кәмелетке толмаған, оның ішінде асырап алған балалары, асырауындағы ата-аналары;
12) уәкілетті орган – мәдениет саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) қызметтік үй-жай – мәдениет орталығын орналастыру үшін пайдаланылатын барлық үй-жайлар, ғимараттар немесе ғимараттардың бөліктері;
14) шығыстар – мәдениет орталығының алдына қойылған міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшін мәдениет орталығының қызметін қамтамасыз етуге бағытталған ақшалай қаражат.
2-тарау. Қаржыландыру тәртібі мен көздері
3. Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет арасында жасалған мәдениет орталықтарын өзара құру туралы екіжақты халықаралық шартты іске асыру мәдениет орталықтарының қызметін қаржыландыруға негіз болып табылады.
4. Мәдениет орталықтарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының және мәдениет орталығы қызметінің нәтижесінде, сондай-ақ ерікті қайырмалдық және қайырымдылық көмектен алынған қаражат есебінен жүзеге асырылады.
5. Төмендегі жағдайларда халықаралық шарттардың нормаларына қайшы келмесе, ақылы қызмет көрсетуге жол беріледі:
1) театр-концерт іс-шараларын, көрмелерді және басқа да мәдени іс-шараларды ұйымдастыру;
2) тіл үйрету және мәдениетті зерделеу курстарын ұйымдастыру;
3) мәдениет орталықтары ұйымдастыратын іс-шараларға тікелей қатысы бар мерзімді басылымдарды, каталогтарды, афишаларды, бағдарламалар мен аудиовизуалды материалдарды тарату
4) Қазақстан Республикасында білім алу бойынша консультациялық қызметтер көрсету;
6. Уәкілетті орган бюджетті тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде бекітеді.
7. Бюджетті жоспарлау, бекіту, қаржыландыру, атқару және есептілік тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Кіріс бойынша жоспарды болатын елдің тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеуін ескере отырып, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес уәкілетті орган бекітеді.
9. Болатын елдің ерекшеліктері ескеріліп, Мәдениет орталығы бюджет заңнамасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін нормативтерге сәйкес көлікпен, қызметтік үй-жайлармен және қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мүлікпен қамтамасыз етіледі.
10. Мәдениет орталығының өзіне бекітілген мүлікті иеленуі, пайдалануы және оған билік ету тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік саласындағы заңнамасында белгіленеді.
11. Мәдениет орталығының Қазақстан Республикасының азаматтығы бар басшысының, басшысының орынбасарының және жұмыскерінің материалдық, зейнетақымен және әлеуметтік қамтамасыз етілуі көзделген бюджет қаражаты шеңберінде жүзеге асырылады.
12. Бюджеттік сұраным Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 75-бабына сәйкес жасалады және қаралады.
13. Мәдениет орталығын қаржыландыру уәкілетті орган бекіткен қаржыландыру жоспарына сәйкес жүргізіледі.
14. Көрсетілген қызметтерге (жұмыстар) ақы төлеу уәкілетті органға ұсынылған орындалған жұмыстар туралы есептер, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актілері, шот-фактуралар негізінде жүзеге асырылады.
15. Орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актілеріне осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісіне нақты шығыстар туралы есеп қоса беріледі.
16. Мәдениет орталығының алдағы қаржы жылына арналған құрылымы мен штат кестесін уәкілетті органмен келісу бойынша мәдениет орталығының басшысы бекітеді.
17. Мәдениет орталығының шығыстарына:
1) мәдениет орталығы басшысының, басшысының орынбасарының, жұмыскерлері мен қызметкерлерінің жалақысынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және болатын елдің заңнамасына сәйкес мәдениет орталығының басшысы, басшысының орынбасары, жұмыскерлері мен қызметкерлері үшін төленетін салықтар мен басқа да міндетті әлеуметтік төлемдерден тұратын еңбекақы төлеу қоры;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына және болатын елдің заңнамасына сәйкес мәдениет орталығының қызметіне байланысты төленуге жататын салықтар мен басқа да міндетті әлеуметтік төлемдер;
3) уәкілетті орган болатын елдің шарттарына байланысты белгілейтін және растайтын құжаттар ұсынылғанда тиісті оқу жылына төлейтін мектепке дейінгі және орта білім алуға өтемақы мөлшері;
4) мәдениет орталығының басшысын, басшысының орынбасарын, жұмыскерлерін еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кездегі жазатайым оқиғалардан сақтандыруға арналған шығыстар;
5) мәдениет орталығының басшысына, басшысының орынбасарына, жұмыскерлеріне тұрғын үй жалдауға төленетін қосымша ақы. Тұрғын үй жалдауға қосымша ақы мөлшері жалға алатын тұрғын үйдің ауданына қарай белгіленеді, бірақ 60 (алпыс) шаршы метрден аспайды және өзі болатын елдің нарық бағасына байланысты болады;
6) орталықтың жеке кірістері есебінен жүргізілетін мәдениет орталығының басшысын, басшысының орынбасарын, жұмыскерлерін мәдениет орталығы қызметтерінің бағыты бойынша оқыту және біліктілігін арттыру;
7) «Бюджет қаражаты есебінен іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына сәйкес жүзеге асырылатын тәулікақы, көлік шығыстарын және қонақүйде тұруды қоса алғанда, іссапар шығыстары;
8) мәдениет орталығын орналастыру үшін қабылдаушы тарап беретін қызметтік үй-жайларды жалға алу, сондай-ақ оларды ұстау және қызмет көрсету, қызметтік үй-жайлар мен жабдықтарды ағымдағы жөндеу, оның ішінде көрсетілетін күзет қызметтеріне, клининг қызметтеріне, өрт қауіпсіздігіне, коммуналдық көрсетілетін қызметтерге (су, газ, электр энергиясы, жылу, кәріз, желдету және өзге де) шығындар;
9) көлік құралдарын жалға алу және отын, жанар-жағармай сатып алу. Отын және жанар-жағармай материалдарына жұмсалатын шығыстар сомасының есеп-қисаптарын жасаған кезде көлік құралдарының техникалық параметрлерін 100 км есебінен басшылыққа алу қажет;
10) байланыс және Интернет, спутниктік, кәбілдік және цифрлық телевизия қызметтері, сондай-ақ пошта және курьер қызметтері;
11) негізгі құралдарға, шығыс материалдарына және өзге де тауарларға жататын тауарларды сатып алу;
12) полиграфиялық шығыстар;
13) аудару қызметтері;
14) өкілдік шығындар;
15) аудиторлық, нотариаттық және банктік қызметтер;
16) ақпараттық қызметтер, ақпараттық жүйелерді қолдауға (веб-сайт, веб-платформаларды әзірлеуге, домен мен хостингті жалға алуға және оларды техникалық қолдауға арналған шығыстар);
17) логистикалық қызметтер;
18) экспонаттардың көшірмелерін жасауға арналған шығыстар;
19) уәкілетті органмен келісілген өз кірістері есебінен жүзеге асырылатын өзге де шығыстар мәдениет орталығының қызметін қамтамасыз етуге бағытталады.
18. Мәдениет орталығының шығыстарына сондай-ақ:
1) Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтарын танымал етуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу: ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар, театр қойылымдары; кинокөрсетілімдер; кітап көрмелері мен тақырыптық көрмелер; клубтар, музыкалық аспаптарды және әншілік орындаушылық өнерді үйрету, қазақ тілін оқыту, шеберлік сыныптары, семинарлар, форумдар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, симпозиумдар, конференциялар және басқа іс-шаралар;
2) Қазақстан Республикасының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу;
3) қазақстандық шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың концерттерін, өнер көрсетуін ұйымдастыру мен өткізу;
4) ғылыми-зерттеу жұмыстарын, археологиялық жұмыстарды, архив, кітапхана ісі саласындағы жобаларды, ономастика және геральдика саласында бірлеске зерттеулер ұйымдастыру және жүргізу жатады.
19. Бекітілген бюджет шеңберінде мәдениет орталығы ведомстволық бюджет комиссиясында қарау үшін уәкілетті органға экономикалық негіздемемен қоса қаражатты шығыстардың бір тармағынан екіншісіне қайта бөлу туралы өтінім жібереді.
20. Уәкілетті орган өтінім тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органда қарау қорытындысы бойынша мәдениет орталығына өтінімді мақұлдау немесе мақұлдаудан бас тарту туралы тиісті негіздемемен қоса шешімді жолдайды.
21. Қазақстан Республикасының шет елдегі мәдениет орталығы басшысының, басшысының орынбасарының, жұмыскерлері мен қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен белгілейді.
22. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мәдениет орталығының басшысына, басшысының орынбасары мен жұмыскерлеріне лауазымдық айлықақының 50 %-ы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ұзақтығы күнтізбелік 30 (отыз) күннен кем болмайтын, ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
23 Мәдениет орталығының басшысына, басшысының орынбасарына және жұмыскерлеріне бала туған кезде көзделген бюджет қаражаты шеңберінде материалдық көмек төленеді.
24. Үнемі бірге тұратын отбасы мүшелері – жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптының ортақ немесе біреуінің кәмелетке толмаған, оның ішінде асырап алған балалары, асырауындағы ата-аналары қайтыс болған жағдайда мәдениет орталығының басшысы, басшысының орынбасары, жұмыскері жерлеуге лауазымдық айлықақыдан есептелетін айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы төлем алады.
25. Басшыға, басшының орынбасарына және жұмыскерге, сондай-ақ олардың жұбайларына отбасы мүшелерінің немесе ерлі-зайыптылардың ата-аналарының қайтыс болуына байланысты барып-қайтуға көлік шығындары төленеді.
26. Басшыға, басшының орынбасарына және жұмыскерге шетелде қызметтік міндеттерін атқарып жүргенде сырқаттануы, мертігуі (жаралануы, жарақат алуы, контузия алуы) салдарынан мүгедектік белгіленген болса, оларға лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы төлем төленеді, оның мөлшері олардың мәдениет орталығында атқарған лауазымына қарай есептеледі:
1) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға – екі айлық айлықақы;
2) екінші топтағы мүгедектігі бар адамға – бір жарым айлықақы;
3) үшінші топтағы мүгедектігі бар адамға – бір айлық айлықақы.
Біржолғы төлемдер жұмыскердің жазбаша өтінішінің негізінде растайтын құжаттары болған жағдайда мәдениет орталығы басшысының бұйрығы бойынша төленеді.
27. Басшыға, басшының орынбасарына, жұмыскерге және олармен бірге жүрген отбасы мүшелеріне болатын елдің медициналық сақтандыру шартының талаптарына сәйкес бюджет қаражаты есебінен медициналық қамтамасыз ету беріледі.
28. Басшыға, басшының орынбасарына, жұмыскерге және олармен бірге жүрген отбасы мүшелеріне жыл сайынғы ақысы төленетін демалыс берілінуіне байланысты багажбен қоса «Эконом» санатындағы авиабилет құны мөлшерінде жылына бір рет Қазақстан Республикасына барып-қайтуға көліктік шығыстардың ақысы төленеді.
4-тарау. Ақшалай қаражатты сақтау
29. Мәдениет орталығы болатын елдің заңнамасына сәйкес банк шоттарын ашады.
30. Қабылдаушы мемлекеттің ұлттық валютасында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің валюталарында қолма-қол ақшамен банк операцияларын жүргізуге жол беріледі.
31. Болатын елдің валютасында айырбастау операцияларын жүргізген кезде болатын елдің қызмет көрсететін банк белгілеген күнге айырбастау бағамы қолданылады.
32. Мәдениет орталығының ақша қаражатын сақтайтын банк шоттарын мәдениет орталығының басшысы айқындайды.
33. Мәдениет орталығының ақшалай қаражаты Америка Құрама Штаттарының долларымен және (немесе) болатын елдің ұлттық валютасында сақталады. Алдыңғы кезеңдегі шығыстардың айырбастау бағамдарын бухгалтерлік есепке алу қабылдаушы мемлекеттің орталық банкінің үш айлық орташа айырбастау бағамына негізделеді.
5-тарау. Есептілік
34. Мәдениет орталығының басшысы мәдениет орталығының қаржы қаражаты мен активтерінің жұмсалуын бақылауды жүргізеді.
35. Мәдениет орталығының басшысы уәкілетті органға Қазақтан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жылдық есепті/баяндаманы ұсынады.
36. Мәдениет орталықтары әрбір қаржы жылының 15 желтоқсанына дейін уәкілетті органға есептік кезеңнің қорытындысы бойынша пайда мен зиянды айқындау үшін кірістер мен шығыстардың барлық баптарын ашық түрде көрсететін қаржылық есептілік береді.
37. Бухгалтерлік есеп және есептілік Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
___________________________
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы
№ қаулысына
қосымша
20___ жылғы «___» _______ № ___ шарт бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) 20____жылғы «___» ________ № ___ актісіне нақты шығыстар туралы есеп
Шартқа сәйкес орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтер) атауы: _______________
|
Бекітілген (түзетілген, нақтыланған) бюджет
|
ІБК/ түзету (жүргізілген кезде)
|
№ 1
АКТ
|
№ АКТ
|
Бекітілген (түзетілген, нақтыланған) бюджеттің қалдығы
|
|||||
|
Р/с №
|
шығындардың атауы
|
өлшем бірлігі
|
саны
|
бір бірлік құны
|
сома
|
||||
|
I.
|
|
|
|
|
|
|
|
||
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
Жиыны
|
|
|
|
|
|
|
|
Мәдениет орталығының басшысы: ______ ____________________________ (қолы) (Т.А.Ә.)
Мәдениет орталығының бухгалтері: ______ ____________________________ (қолы) (Т.А.Ә.)
___________________________
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.