Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Концессия мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру туралы» 2008 жылғы 17 шілдедегі № 693 және «Ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 875 қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

    ЖаңаҮкіметтің қаулысы
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 12 маусым 2025 ж.

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Концессия мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру туралы» 2008 жылғы 17 шілдедегі № 693 және «Ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 875 қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

    Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

    1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

    1) «Концессия мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі № 693 қаулысында:

    тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

    «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру туралы»;

    кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

    «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

    2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «2. Қоғам мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы болып айқындалсын, оның қызметінің негізгі нысанасы:

    1) республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларға экономикалық сараптаманы;

    2) мемлекеттік кепілдік беру үшін инвестициялық жобаларға экономикалық сараптаманы;

    3) республикалық бюджет қаражаты есебінен заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асыру жоспарланатын бюджеттік инвестицияларға экономикалық сараптаманы;

    4) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді және қаржылық агенттіктердің республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеудің экономикалық сараптамасын;

    5) бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалауды;

    6) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын бағалауды;

    7) бюджеттік инвестициялар саласында зерттеулерді;

    8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша зерттеулерді және ұсынымдар әзірлеуді;

    9) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына бизнес-жоспарларға, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптаманы;

    10) жоспарлау және іске асыру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халықаралық қаржы институттары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қоспағанда, республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптаманы;

    11) халықаралық қаржы институттары қатысатын ерекше маңызы бар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын әзірлеуді үйлестіруді және бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қорытынды беруді;

    12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалауды;

    13) мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мамандарды оқытуды;

    14) іске асыру жоспарланып отырған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін жүргізуді жүзеге асыру болып табылады.»;

    мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

    «2-1. «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін конкурстық (аукциондық) құжаттамасы бекітілген концессиялық жобаларды іске асыру үшін қоғам конкурстық құжаттамаға, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде сараптаманы, сондай-ақ концессионерді таңдау жөнінде конкурсты өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерге сараптаманы жүзеге асырады.»;

    2) «Ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 875 қаулысында:

    көрсетілген қаулымен бекітілген ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

    2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

    3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

    Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

    О. Бектенов

    Қазақстан Республикасы

    Үкіметінің

    2025 жылғы « »

    № қаулысына

    1-қосымша

    Қазақстан Республикасы

    Үкіметінің

    2017 жылғы 26 желтоқсандағы

    № 875 қаулысымен

    бекітілген

    Ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі

    Р/с
    Атауы
    1
    «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің «Алматы – Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде «НҰР ЖОЛЫ» автомобиль өткізу пунктін салу және пайдалану
    2
    Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді аурухананы салу және пайдалану
    3
    «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ)» автомобиль жолын салу және пайдалану
    4
    Алматы қаласында 300 орындық көпбейінді университет ауруханасын салу және пайдалану
    5
    Қарағанды қаласында 300 орындық көпбейінді университет ауруханасын салу және пайдалану
    ____________________

    Қазақстан Республикасы

    Үкіметінің

    2025 жылғы « »

    № қаулысына

    2-қосымша

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

    1. «Ерекше маңызы бар концессиялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 қазандағы № 1060 қаулысы.

    2. «Концессиялық жобаларды ерекше маңызы бар санатқа жатқызу критерийлерін және олардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 қазандағы № 1060 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 19 ақпандағы № 75 қаулысы.

    3. «Ерекше маңызы бар концессиялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 қазандағы № 1060 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 21 ақпандағы № 82 қаулысы.

    4. «Ерекше маңызы бар концессиялық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 7 қазандағы № 1060 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 1 қарашадағы № 828 қаулысы.

    ____________________

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.