«Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 98 бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

    ЖаңаМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 11 сәуір 2025 ж.

    «Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 98 бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

    БҰЙЫРАМЫН:

    1. «Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 98 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20439 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

    көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарында:

    2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «2. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар Қазақстан Республикасының аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуге берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады.»;

    4-1, 4-2 және 4-3 деген тармақтармен толықтырылсын:

    «4-1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспары негізінде жүргізіледі.

    Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жоспардан тыс жүргізілуіне жол берілмейді.

    4-2. Уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастырады.

    4-3. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұсыныстарын уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде ұсынады.

    Уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді және жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.

    Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.».

    2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;

    2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

    3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

    4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі

    А. Балаева

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.