Жалағаш ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидаларын бекіту туралы
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабының 5-тармағына және «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес Жалағаш аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Жалағаш ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. «Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2021 жылғы 14 сәуірдегі № 5-3 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8301 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Жалағаш аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы
Қ. Досымов
Жалағаш аудандық мәслихатының
2024 жылғы 23 қазандағы
№ 25-1 шешіміне қосымша
Жалағаш ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидалары
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған Жалағаш ауданындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Алушының тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер алушының жиынтық кірісін «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (әрі қарай – Қағидалар) айқындалған тәртіппен «Жалағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi» коммуналдық мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрі – уәкілетті орган) есептейді.
3. Алушының жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар деңгейі 10 (он) пайыз мөлшерінде белгіленеді.
5. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу «Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
Тұрғын үй көмегінің мөлшері уәкілетті органмен Қағидалардың 4-1-тармағына сәйкес есептеледі.
6. Тұрғын үй көмегін тағайындау толық ағымдағы тоқсанға жүргізіледі, бұл ретте алушының өткен тоқсандағы жиынтық кірісі мен коммуналдық қызметтердің шығындары есепке алынады.
7. Тұрғын үй көмегін тағайындауға әкеп соққан толық емес немесе жалған мәлімет ұсынылған кезде, тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады, ал артық немесе негізсіз алынған сомаларын алушымен ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен қайтаруға тиіс.
8. Уәкілетті орган артық немесе негізсіз төленген тұрғын үй көмегін төлеу фактісі анықталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде алушыға артық төленген немесе негізсіз төленген тұрғын үй көмегін қайтару қажеттілігі туралы жазбаша хабарлама жібереді.
9. Тұрғын үй көмегін көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Жалағаш ауданының бюджетінен ағымдағы қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
10. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен екінші деңгейдегі банктер арқылы, сондай-ақ банк қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы есептелген сомаларды алушылардың жеке шоттарына шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 25-күніне дейінгі мерзімде аудару арқылы жүзеге асырылады.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.