Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен алманы әкелуге тыйым салуды енгізу туралы

    ЖаңаМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 5 қазан 2024 ж.

    Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен алманы әкелуге тыйым салуды енгізу туралы

    «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 2-тармағына, 18-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына, 22-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына, «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

    1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден алманы әкелуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы алманың халықаралық транзитін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден автомобиль көлігімен алманы (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды: 0808 10) әкелуге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге тыйым салу енгізілсін.

    2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

    2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

    4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

    Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

    А. Сапаров

    «КЕЛІСІЛДІ»

    Қазақстан Республикасы

    Қаржы министрлігі

    «КЕЛІСІЛДІ»

    Қазақстан Республикасы

    Сауда және интеграция министрлігі

    «КЕЛІСІЛДІ»

    Қазақстан Республикасы

    Ұлттық қауіпсіздік комитеті

    «КЕЛІСІЛДІ»

    Қазақстан Республикасы

    Ұлттық экономика министрлігі

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.