Орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін айқындау туралы

    ЖаңаМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 24 сәуір 2025 ж.

    Орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін айқындау туралы

    «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 18) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

    1. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталуы мен аяқталуының мынадай мерзімдері айқындалсын:

    2024 жылғы 1 қыркүйек – 2025 жылғы 25 мамырды қоса алғанда:

    1-11 (12) сыныптарда оқу жылы ішінде тоқсандардың және демалыстардың ұзақтығы:

    1-тоқсан – 8 оқу аптасы, күзгі демалыс – күнтізбелік 7 күн (2024 жылғы 28 қазаннан бастап 3 қарашаны қоса алғанда);

    2-тоқсан – 8 оқу аптасы, қысқы демалыс – күнтізбелік 10 күн (2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда);

    3-тоқсан – 10 оқу аптасы, көктемгі демалыс – күнтізбелік 11 күн (2025 жылғы 21-31 наурызды қоса алғанда);

    1-сыныптарда қосымша демалыс – күнтізбелік 7 күн (2025 жылғы 10-16 ақпанды қоса алғанда).

    4-тоқсан – 8 оқу аптасы.

    2. Қорытынды аттестаттаудың мынадай мерзімдері бекітілсін:

    9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамырдан бастап 10 маусым аралығында;

    11 (12)-сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамырдан бастап 16 маусым аралығында.

    3. Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілсін:

    9 (10)-сынып оқушылары үшін:

    1) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 29 мамыр;

    2) қазақ тілі/орыс тілі және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2025 жылғы 2 маусым;

    3) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2025 жылғы 5 маусым;

    4) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 10 маусым;

    11 (12)-сынып оқушылары үшін:

    1) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2025 жылғы 30 мамыр;

    2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 4 маусым;

    3) қазақ тілі/орыс тілі бойынша және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде оқытатын мектептер/сыныптар үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 9 маусым;

    4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2025 жылғы 12 маусым;

    5) өзбек/ұйғыр/тәжік/орыс тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2025 жылғы 16 маусым.

    4. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

    2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

    3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

    5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

    6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы

    Е. Оспан

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.