Алакөл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидаларын айқындау туралы

    ЖаңаМәслихаттың актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 26 мамыр 2026 ж.

    Алакөл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидаларын айқындау туралы

    Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 97-бабының 4,5-тармақтарына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 189820 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес, Алакөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

    1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Алакөл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидалары айқындалсын.

    2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Алакөл аудандық мәслихат төрағасы

    Д. Каримов

    Алакөл аудандық мәслихатының 2024 жылғы 3 сәуірдегі № 27-1 шешіміне қосымша

    Алакөл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен қағидалары

    1-тарау. Жалпы ережелер

    1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен, жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) Алакөл ауданында тұратындарға:

    ағымдағы және жинақтау жарналарының;

    кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

    коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

    мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

    Көрсетілетін қызметті алушының тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретiнде айқындалады.

    2. Тұрғын үй көмегін тағайындау «Алакөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетіледі.

    2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі

    3. Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісі көрсетілетін қызметті берушімен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес есептеледі.

    4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушының осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісіне 10 (он) пайыз мөлшерінде шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

    Тұрғын үй көмегінің мөлшерін көрсетілетін қызметті беруші Қағидалардың 4-1-тармағына сәйкес есептейді.

    5. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтер өтемақысы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ «Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.

    6. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе «электрондық үкімет» веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.

    Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық жиынтығын қабылдаған күннен бастап құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау не бас тарту туралы дәлелді жауап не «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беру мерзімі 6 (алты) жұмыс күнін құрайды.

    7. Тұрғын үй көмегін тағайындау толық ағымдағы тоқсанға жүргізіледі, бұл ретте көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісі мен коммуналдық қызметтерінің өткен тоқсандағы шығындары есепке алынады.

    8. Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушыға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп -ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

    9. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін тағайындау тиісті қаржы жылына арналған аудандық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

    10. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды көрсетілетін қызметті алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.