ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жер бойынша жергiлiктi атқарушы органына өтiнiш бередi. Өтiнiште: жер учаскесiн пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемi; орналасқан жерi; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс делінген.
Сондай-ақ, ҚР Жер кодексінің 44-1 бабының 8-тармағына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынатындығы және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылатындығы көзделген.
Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер алу кезегіне тіркелген азаматтардың кезек реттілігі туралы ақпараттардың ашықтығы және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімі аппаратының веб-сайтында жаңаланған тізім орналастырылатынын мәлімдейміз.