Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуі кезінде қайда жүгінуге болады?
Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бағаның едәуiр өсуi туралы мәлiметтер болған жағдайда азамат мына жерлерге жүгіне алады: әкімдікке — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек саудадағы шекті бағаларды жергілікті атқарушы органдар бақылайды және бағаның негізсіз өсуіне қатысты мәселелерді қарайды.
Тұрғылықты жері бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген бағалардың сақталмауы туралы шағым қабылданады.
e-Otinish арқылы — тиісті мемлекеттік органға онлайн түрде өтініш беріп, оның қаралу барысын бақылауға болады.
Өтінішке тауардың бағасы көрсетілген сөре жапсырмасының суретін, тауардың фотосын, кассалық чекті, сондай-ақ дүкеннің мекенжайын, сатып алған күн мен уақытты қоса тіркеген жөн.