2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап Ақмола облысында тұрғындардың өтініштерін өңдеу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылының жаңа алгоритмі қолданылуда. Құжат 109 бірыңғай контакт-нөмірі, Telegram-боттар және әлеуметтік желілер арқылы түсетін өтініштерді қабылдау, тіркеу, қарау және бақылау тәртібін айқындайды.
Жүйенің үйлестірушісі — облыстық цифрландыру және архивтер басқармасына қарасты Smart Aqmola КММ базасындағы iKOMEK109 бірыңғай контакт-орталығы. Орталық өтініштерді тәулік бойы қабылдайды, оларды жіктейді (классификациялайды), құзыретті қызметтерге бағыттайды және орындалу мерзімдерін бақылайды.
Алгоритмде өтініштердің сыни маңыздылығының төрт деңгейі қарастырылған. Тікелей өмірге және денсаулыққа қауіп төнген кезде әрекет ету мерзімі 24 сағаттан бастап, сыни маңыздылығы төмен деңгейдегі өтініштер бойынша 7 күнтізбелік күнге дейінді құрайды. Егер халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне байланысты жергілікті жерге шығу талап етілсе, жауапты қызметтер орындаушыларды үш сағат ішінде оқиға орнына жіберуі тиіс.
«Бұрын өтініш ведомстволар арасында жай ғана жоғалып кетуі мүмкін еді – кім және қандай мерзімде жауап беруі керек екенін ешкім түсінбейтін. Қазір әрбір өтініштің нақты мерзімі мен нақты жауапты адамы бар. Біздің міндетіміз — қоңырауды қабылдап қана қоймай, мәселені шешілгенге дейін жеткізу және оны бақылау. Жалаң формальды жауаптар енді өтпейді: жауапта жалпы сөздер емес, нақты фактілер болуы керек», — деп түсініктеме берді iKOMEK109 басшысы Оксана Кособокова.
Өтініш иелеріне берілетін жауаптардың сапасына ерекше назар аударылған: олар өтініштің мәні бойынша нақты фактілерді, ал бар болса — растайтын фото және видеоматериалдарды, сондай-ақ жауапты орындаушының деректерін қамтуы тиіс.