
МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
2026 жылғы 23 қарашада Меркі аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Отырысқа «Асан Көмек» мүмкіндігі шектеулі адамдардың мемлекеттік емес қоғамдық бірлестігінің аудармашысы М. Мұстафаева, Меркі аудандық зағип жандар қоғамының төрағасы Н.Тұрымбетов, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысыА.Омар, сондай-ақ бөлім мамандары Д.Маткеримова мен А.Қырықбаева қатысты.
Жұмыс тобының отырысында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық аясында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толыққанды іске асыруына қажетті жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге арналған үй-жайларға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету, оларды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси қызметін ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға қызмет көрсету кезінде сурдоаудармашылардың көмегін ұйымдастыру, тірек-қимыл аппараты бұзылған сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, бюллетень берілетін үстел жанынан кресло-арбамен қозғалатын азаматтарға арнайы орын қарастыру, жасырын дауыс беруге арналған кабинаға дейін алып бару, дауыс беру үй-жайынан шығуына және автокөлікке отыруына қажетті көмек көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша алдағы сайлау науқанында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, олардың дауыс беруіне тең мүмкіндік жасау және сайлау учаскелерінде қолжетімді әрі кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді.