«Тұмауға қарсы вакцинация: өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады?»
Күзгі-қысқы маусым қарсаңында тұмаудың, жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) және COVID-19 инфекциясының алдын алу мәселелеріне назар аударғым келеді.
Жыл сайын күн суытқан кезде респираторлық инфекциялар, яғни тыныс алу жолдарының аурулары көбейеді. Сондықтан осы кезеңге қазірден бастап дайындалып, қажетті профилактикалық шараларды қабылдау маңызды.
Ал алдын алудың негізгі шараларының бірі – тұмауға қарсы вакцинация.
Биылғы жылдың 15 қыркүйегінен бастап Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталады. Халықтың белгілі бір санаттары мемлекет есебінен тегін вакцинациямен қамтылады.
Бұлар – эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша қауіп топтарына жататын адамдар. Атап айтқанда, созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар, ерте жастағы балалар, жабық үлгідегі мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда, соның ішінде балалар үйлері мен қарттар үйлерінде тұратын адамдар. Қалған санаттағы азаматтар жұмыс берушінің немесе өз қаражаты есебінен вакцина ала алады.
Неліктен екпені алдын ала алу маңызды? Өйткені вакцина салынғаннан кейін ағзаның вирусқа қарсы қорғанысын қалыптастыруы үшін уақыт қажет. Сондықтан аурушаңдықтың белсенді өсуін күтпеген жөн.
Ата-аналарға арнайы тоқталғым келеді.
Балалар мектептер мен балабақшаларда күн сайын бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болады. Сондықтан ұйымдасқан ұжымдарда инфекциялар айтарлықтай жылдам таралуы мүмкін.
Осыған байланысты мектептер мен балабақшаларда профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Күн сайын таңертеңгі сүзгі жүргізіледі: сабақ басталар алдында балалар ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілерін анықтау мақсатында тексеріледі.
Егер таңертең баладан ауру белгілері – дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу немесе әлсіздік байқалса, ол мектепке немесе балабақшаға бармауы тиіс.
Ал ауру белгілері күн ішінде пайда болса, ата-анасы келгенге дейін бала басқа балалардан оқшаулануы тиіс.
Сондай-ақ аурушаңдықтың өсуін уақтылы анықтау үшін балалар мен қызметкерлердің сабаққа және жұмысқа қатысуына күн сайын мониторинг жүргізіледі.
Алайда профилактикалық шаралар тек білім беру ұйымдарында ғана жүргізілмейді. Медициналық ұйымдар да маусымдық аурушаңдықтың өсуіне дайын болуы тиіс.
Науқастар саны артқан жағдайда медициналық ұйымдар қажетті дайындықты қамтамасыз етіп, қажет болған кезде инфекциялық науқастарға арналған қосымша төсек-орындарды ұйымдастыруы тиіс.
Тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға, әсіресе пневмония сияқты асқынулар туындаған жағдайда, ерекше көңіл бөлінеді. Бұл үйге шақыртуларға бірінші кезекте қызмет көрсетуді, күнделікті патронаж жүргізуді және қажет болған жағдайда уақтылы ауруханаға жатқызуды білдіреді.
Тұмауға ұқсас ауру белгілерімен медициналық ұйымға жүгінген пациенттерді, сондай-ақ ауыр респираторлық инфекция белгілерімен ауруханаға жатқызылған пациенттерді тұмау және COVID-19 вирустарына зертханалық тексеруден өткізу көзделген.
Тағы бір маңызды шара медицина қызметкерлеріне қатысты.
1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізіледі. Бұл шара респираторлық инфекциялардың таралу қаупін азайтуға, медицина қызметкерлері мен пациенттерді қорғауға бағытталған.
Әрқайсымыз не істей аламыз?
Ең алдымен, профилактикалық шараларды кейінге қалдырмауымыз керек.
Егер сіз вакцинациялауға жататын адамдар санатына кірсеңіз, өзіңіз тіркелген медициналық ұйымға хабарласып, тұмауға қарсы екпе алу тәртібін нақтылаңыз.
Балада ауру белгілері пайда болса, оны мектепке немесе балабақшаға жібермеңіз. Ересектер де аурудың айқын белгілері болған кезде жұмысқа және қоғамдық орындарға бармағаны жөн.
Қарапайым профилактикалық шараларды ұмытпаңыз: қолыңызды жиі жуыңыз, бөлмелерді желдетіңіз, мүмкіндігінше науқас адамдармен жақын байланыстан аулақ болыңыз және медициналық көмекке уақтылы жүгініңіз.
Тұмаудың, ЖРВИ мен COVID-19 инфекциясының алдын алу – бәрімізге ортақ жауапкершілік.
Уақтылы вакцинациялану, өз денсаулығымызға мұқият қарау және қарапайым профилактикалық шараларды сақтау инфекцияның таралуын азайтып, халықтың ең осал топтарын қорғауға көмектеседі.