«Қарапайым айтсақ, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, тексерулер, тергеп-тексерулер және мониторингі»
Мемлекеттік бақылау бірнеше нысанда жүзеге асырылады. Соның бірі – объектіге бармай профилактикалық бақылау жүргізу. Бұл жағдайда мамандар ұсынылған есептілікті, мемлекеттік органдардың мәліметтерін, ақпараттық жүйелердегі деректерді және басқа да құжаттарды талдайды.
Бұл талаптардың сақталуын объектіге бармай-ақ бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, мамандарымыз ақпараттық жүйе арқылы 50-ден астам отыратын орны бар бірқатар қоғамдық тамақтану объектілерінің рұқсат құжаттарынсыз, яғни санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқанын анықтады. Осыдан кейін кәсіпкерлік субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар беріледі.
Сондай-ақ объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі. Мұндай бақылау кезінде мамандар объектіге барып, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бағалайды және қажет болған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді немесе жедел ден қою шараларын қолданады. Мысалы, бұрын анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыным алған субъект оны орындамаса, аталған объект бару арқылы жүргізілетін профилактикалық бақылау тізіміне енгізіледі.
Бұдан бөлек, заңнамада берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестікті тексеру көзделген. Мұндай тексерулер туралы кәсіпкерлік субъектісіне тексеру басталғанға дейін кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын хабарланады. Мысалы, бұрын тамақтан улану жағдайлары немесе ұйымдасқан ұжымда топтық инфекциялық ауру тіркелген объект біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру кестесіне енгізіледі.
Жоспардан тыс тексерулер мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Олар тек заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі. Мұндай негіздерге бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау, растайтын материалдары бар жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, прокуратура органдарының талаптары, халықтың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп фактілері бойынша мемлекеттік органдардың өтініштері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайлар жатады.
Кез келген өтініште нақты фактілер мен оларды растайтын материалдар болуы керектігін түсіну маңызды. Келіп түскен әрбір хабарлама заңда белгіленген тәртіппен қаралады. Растайтын материалдарға бұзушылықтың фото- және бейнежазбалары, сатып алынған тауардың чектері жатады.
Бақылау құралдарының бірі – бақылау мақсатында сатып алу. Ол сатылатын өнімнің қауіпсіздігін тексеру және белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды өткізу жағдайларын анықтау үшін ай сайын жүргізіледі. Мысалы, сатып алынған өнім техникалық регламенттер мен нормалау құжаттарының талаптарына, оның ішінде таңбалану талаптарына сәйкестігі бойынша зерттеледі. Бақылау мақсатында сатып алу кезінде тек азық-түлік өнімдері ғана емес, халық тұтынатын тауарлар да (тұрмыстық химия, балаларға арналған тауарлар, биологиялық белсенді қоспалар, құрылыс материалдары және басқалар) сатып алынып, зерттеу үшін зертханаға жіберіледі.
Профилактикалық бақылау мен тексерулермен қатар санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексерулер де жүргізіледі. Олар тексеру шеңберінде емес, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар туындаған кезде жүргізіледі. Мысалы, тамақтан улану, топтық инфекциялық аурулар тіркелгенде немесе аурудың белгілі бір объектімен байланысы бар деген күдік туындағанда тергеп-тексеру жүргізілуі мүмкін. Мұндай объект қоғамдық тамақтану орны, мектеп, балабақша немесе басқа мекеме болуы мүмкін. Тергеп-тексеру барысында мамандар аурудың пайда болу себептері мен жағдайларын анықтайды, су мен азық-түлік өнімдерінен қажетті сынамалар, қоршаған орта объектілерінен шайындылар алады, сондай-ақ аурудың одан әрі таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар кешенін айқындайды. Тергеп-тексерудің негізгі мақсаты – жазалау емес, қауіп көзін жедел анықтау және халықтың денсаулығын қорғау.
Тағы бір маңызды мәселе – балалардың тамақтануына, тұруына, медициналық көмек алуына, білім алуына, тәрбиеленуіне және сауықтырылуына мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын объектілер. Бұларға балабақшалар, мектептер, интернаттар, сауықтыру лагерьлері мен медициналық ұйымдар жатады. Мұндай объектілерге қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексерулер, сондай-ақ ерекше бақылау мен қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг жүргізу нысандарында жүзеге асырылады.
Мониторинг деп аталатын бақылау нысанына да назар аударғым келеді. Оның негізгі мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды уақтылы бағалау және халық денсаулығына төнуі мүмкін қауіптердің алдын алу. Мониторинг жаппай инфекциялық аурулар немесе тамақтан улану жағдайлары тіркелген кезде жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ ол балалар сауықтыру лагерьлері ашылар алдында олардың балаларды қабылдауға дайындығын бағалау үшін, қажет болған жағдайда білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын бағалау үшін, сондай-ақ балаларға медициналық көмек көрсететін ұйымдарда санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуын тексеру үшін жүргізіледі. Мұндай іс-шаралардың басты міндеті – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету, балалар үшін қауіпсіз жағдай жасау және инфекциялық әрі инфекциялық емес аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу.