№34 Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының
2025 жылғы 29 тамыздағы
қаулысына қосымша
Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы
Жас сайлаушылар клубы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
- Жас сайлаушылар клубы (бұдан әрі – Клуб) өзін-өзі басқару, жариялылық, тең құқықтылық және заңдылық қағидаттарына негізделген ерікті бірлестік болып табылады. Клубтың ұйымдық-құқықтық нысаны – қоғамдық ұйым. Осы Ереже Клуб қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
- Клуб аудан аумағында қызмет ететін қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басқармалары мен қызметтерімен, сондай-ақ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындармен, ұйымдармен және мекемелермен ынтымақтастықта болады.
- Клуб туралы ереже Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітіледі.
- Клубтың қызметі Ақтоғай ауданының аумағында жүзеге асырылады. Орналасқан жері:140200, Ақтоғай ауылы, Алина көшесі, 97, «Жас Қанат» жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ: Приреченск ауылы, ХХІІ Партсъезд көшесі, 12А үй, Павлодар облысы білім басқармасының Ақтоғай ауданы білім бөлімінің «Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі» КММ.
2. Жас сайлаушылар клубының мақсаты мен міндеттері
Клубты құрудың мақсаты – жастардың сайлау процесінің өзекті мәселелеріне назарын аудару, олардың электоралдық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру.
3. Клубтың негізгі міндеттері
- Жас сайлаушылардың электоралдық мәдениетін арттырудың тиімді жолдарын айқындау;
- Жастар арасында сайлау құқықтарын түсіндірудің заманауи тәсілдерін әзірлеу;
- Жастардың сайлау процесіне қатысуының өзекті мәселелерін қарастыру;
- Жас сайлаушылардың сайлау процесіне қызығушылығын арттыру.
4. Жас сайлаушылар клубы мүшелерінің құрамы мен құқықтары
- Клубқа жастар ресурстық орталықтарының, коммерциялық емес қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері (келісім бойынша) қатыса алады.
- Клуб қатысушылары отырыстың күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау кезінде тең құқықтарға ие.
5. Клуб қатысушыларының құқықтары
- Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне ұсыныстар енгізуге;
- Клуб қатысушыларының өзге пікірлерімен келіспеген жағдайда өз көзқарасын білдіруге, ол пікір Клуб отырысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.
6. Клуб қатысушыларының міндеттері
- Осы Ереженің талаптарын сақтауға;
- Жүктелген тапсырмалар мен Клуб шешімдерін орындауға;
- Клуб қызметіне белсенді қатысуға міндетті.
7. Жас сайлаушылар клубының қызметін ұйымдастыру
Клуб қызметінің негізгі нысандары мен әдістері:
- Өз қызметі туралы ақпарат тарату;
- Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, аудан аумағында қызмет ететін саяси партиялардың өкілдерімен, сайлау комиссиясының мүшелерімен және қарастырылатын мәселелерге мүдделі өзге де тұлғалардың қатысуымен кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу;
- Жас сайлаушылармен конференциялар, дәрістер, байқаулар, іскерлік ойындар және пікірсайыстар ұйымдастыру;
- Клуб отырыстары Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының бастамасымен қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет шақырылады және өткізіледі;
- Клубтың қызметін қамтамасыз етуді, іс жүргізуді және отырыстарды ұйымдастыруды жүзеге асыратын жұмыс органы – Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері болып табылады.
8. Жұмыс органының функциялары
- Отырыстарды дайындау және өткізу бойынша ұйымдастырушылық жұмыстарды жүзеге асырады;
- Клуб қатысушыларын кезекті отырыстың өткізілетін күні мен күн тәртібі туралы өткізілетін күннен кемінде бес жұмыс күні бұрын хабардар етеді;
- Клуб отырысы барысында, оның ішінде аудио және бейнежазба құралдарын пайдалана отырып, хаттама жүргізеді.
9. Қорытынды ережелер
- Осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен енгізіледі.
- Клубтың қызметі Ақтоғай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының шешімі бойынша тоқтатылады.