1. Осы "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10 – бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі-мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;
2) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;