ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КОДЕКСІ
Қазақстан Республикасының Кодексі 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 255-VIII ҚРЗ.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! Қолданысқа енгізілу тәртібін 106-баптан қараңыз.
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
- Осы Кодекс цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану кезінде цифрлық ортада туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Цифрлық орта деп осы Кодекспен реттелетін қоғамдық қатынастарды қозғайтын бөлікте цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді орналастыру немесе оларға құқықтарды тіркеу аумағына қарамастан, оларды құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану, оларға құқықтарды жүзеге асыру және беру үшін инфрақұрылымның, технологиялардың, процестер мен шарттардың жиынтығы түсініледі.
- Цифрлық ортада туындайтын мүліктік және өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар осы Кодексте белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
- Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық деректер мен цифрлық объектілерді құру, олардың айналымы, сақтау, беру және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін Қазақстан Республикасында белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
2-бап. Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы
- Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
- Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
- Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдары арасында цифрлық ортадағы қатынастарды реттеу мәселелері бойынша қайшылықтар болған жағдайларда осы Кодекстің ережелері қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының мақсаты мен міндеттері
- Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының мақсаты жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін цифрлық ортаның орнықты дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады.
- Мыналар Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының міндеттері болып табылады:
1) цифрлық ортада туындайтын қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу;
2) цифрлық ортада бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктерін айқындау;
3) цифрлық ортада заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту;
4) Қазақстан Республикасында цифрлық ортаны дамытуға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
5) қоғамдық қатынастардың барлық салаларын цифрлық трансформациялауды құқықтық қамтамасыз ету.
4-бап. Қазақстан Республикасы цифрлық заңнамасының қағидаттары
Цифрлық ортадағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
1) цифрлық ортада адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
2) цифрлық технологияларды қолдану кезінде адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі;
3) цифрлық деректердің айналым еркіндігі;
4) цифрлық технологияларды құру, дамыту және қолдану еркіндігі;
5) жеке және көпшілік мүдделерінің теңгерімі;
6) цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі;
7) мемлекеттің цифрлық ортаға пропорционалды және негізді қатысуы;
8) құқықтық реттеудің технологиялық бейтараптығы;
9) цифрлық әдеп және әлеуметтік жауапкершілік.
5-бап. Цифрлық ортада адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңдымүдделерін сақтау
- Адамның цифрлық ортадағы құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері ең жоғары құндылық деп танылады және олардың шектелуі тек Қазақстан Республикасының заңдарымен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаттарында қажетті шамада ғана мүмкін болады.
- Цифрлық ортадағы қатынастар адамның еркін, саналы және айқын ерік-жігеріне негізделеді.
- Цифрлық ортадағы адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын алгоритмдік және автоматтандырылған шешімдер ашықтық, кемсітпеу және цифрлық орта субъектісі тарапынан бақылау мүмкіндігі сақтала отырып қолданылады.
6-бап. Цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі
- Цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігі цифрлық ортаның тұрақты жұмыс істеуінің ажырамас элементі болып табылады.
- Мемлекет адамның, қоғамның және мемлекеттің құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне цифрлық технологиялардың теріс әсері мен қолдану тәуекелдерінің алдын алу және азайту жөнінде шаралар қабылдайды, олардың қажеттілігі мен қол жеткізілетін мақсаттарға мөлшерлeстігін қамтамасыз етеді.