«Мақтаарал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ

    ·

    Жоба

    «Мақтаарал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің
    ЕРЕЖЕСІ

    1-тарау. Жалпы ережелер

    1. «Мақтаарал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Аппарат) Мақтаарал аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық, құжаттамалық, қаржылық-шаруашылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
    2. Аппараттың ведомстволары жоқ.
    3. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
    4. Аппарат мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
    5. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
    6. Аппарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
    7. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
    8. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
    9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті, М.Қуандықов көшесі №80Б, пошта индексі 160547.
    10. Осы Ереже Аппараттың құрылтай құжаты болып табылады.
    11. Аппараттың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
    12. Аппаратқа кәсіпкерлік субъектілерімен Аппараттың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады. Егер Аппаратқа заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

    2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары, функциялары мен өкілеттіктері

    1. Мақсаттары:
      • Мақтаарал аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық, құжаттамалық, қаржылық-шаруашылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету;
      • Мақтаарал аудандық мәслихатының және оның органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктерін іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау;
      • мәслихат қызметінің ашықтығын, халықпен, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.
    2. Өкілеттіктері:
    • құқықтары: өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға; мәслихат төрағасына аппарат қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге; аппараттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша кеңестерге, комиссияларға және жұмыс топтарына қатысуға; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды пайдалануға; аппараттың құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда және сотта білдіруге; Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға;
    • міндеттері: Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға; аппаратқа жүктелген мақсаттар мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге; бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүліктің тиімді және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге; құжаттардың, жолданымдардың және депутаттық сауалдардың заңнамада белгіленген тәртіппен қаралуын қамтамасыз етуге; мемлекеттік құпияларды, дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауға; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын сақтауға; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де міндеттерді орындауға.
    1. Функциялары:
    • мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының, өзге де органдарының отырыстарын ұйымдастырушылық және құжаттамалық қамтамасыз ету;
    • мәслихаттың жұмыс жоспарларын, сессиялардың және комиссиялар отырыстарының күн тәртібі жобаларын әзірлеуді, қажетті материалдарды жинауды, жүйелеуді және депутаттарға уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету;
    • мәслихат пен оның органдары актілерінің жобаларын құқықтық сүйемелдеуді, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеруді қамтамасыз ету;
    • мәслихат сессияларының, тұрақты және уақытша комиссиялар отырыстарының хаттамаларын ресімдеу, қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды орындаушыларға жеткізу;
    • мәслихат шешімдерінің, комиссиялар ұсынымдарының және хаттамалық тапсырмалардың орындалуына мониторинг жүргізу, олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат дайындау;
    • мәслихат депутаттарына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық-талдамалық және консультациялық көмек көрсету, оларды қажетті материалдармен қамтамасыз ету;
    • депутаттық сауалдар мен депутаттық өтініштерді тіркеу, олардың қаралуына және жауаптардың заңнамада белгіленген мерзімдерде ұсынылуына мониторинг жүргізу;
    • мәслихат депутаттарына жаза қолдануға байланысты мәселелерді дайындау, сондай-ақ мәслихат сессиялары мен оның органдарының отырыстарына депутаттардың қатысуын мониторингтеу;
    • депутаттардың сайлаушылармен кездесулерін, азаматтарды қабылдауын және мәслихаттың халықпен кері байланысын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;
    • жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдау, тіркеу және қарау, азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыру;
    • мәслихаттың қызметі туралы ақпараттық-талдамалық материалдар, анықтамалар, баяндамалар және басқа да құжаттар дайындау;
    • мәслихат қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, оның шешімдерін және өзге де ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялауды және интернет-ресурста орналастыруды ұйымдастыру;
    • мәслихаттың іс қағаздарын жүргізуді, құжат айналымын, мұрағат ісін және мемлекеттік тілдің қолданылуын ұйымдастыру;
    • аппаратта мемлекеттік қызмет, еңбек қатынастары, персоналды басқару, қызметтік тәртіп, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
    • бюджеттік жоспарлау, бухгалтерлік есеп пен есептілік, мемлекеттік сатып алу, аппарат мүлкін есепке алу және сақтау, мәслихат пен оның органдарының қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жүзеге асыру;
    • аппараттың құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі шараларды іске асыру;
    • мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
    1. Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

    3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

    1. Аппаратты басқаруды аппарат басшысы жүзеге асырады, ол Аппаратқа жүктелген мақсаттар мен функциялардың орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
    2. Аппарат басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мақтаарал аудандық мәслихатының төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады. Аппарат басшысын тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелері мәслихат төрағасының өкімімен шешіледі.
    3. Аппарат басшысының орынбасарлары жоқ.
    4. Аппарат басшысының өкілеттіктері:
    • мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;
    • өз құзыреті шегінде аппараттың қызметін ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
    • мәслихат аппаратының «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;
    • техникалық персоналдың және келісімшарттық қызметшілерді жұмысқа қабылдайды және босатады;
    • мәслихат аппаратының тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
    • қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
    • мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілер, техникалық персоналдың және келісімшарттық қызметшілерді іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, оларға үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;
    • мәслихат аппараты мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
    • өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
    • мемлекеттік мекеменің құрылымын бекітеді;
    • заңдарда белгіленген адам саны мен қаражаттар лимиті шегінде мемлекеттік мекеменің ұстаудың шығының айқындайды.
    • мемлекеттік мекеменің жұмыс істеу тәртібін айқындайды;
    • мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссияларының отырыстарын ұйымдастырады;
    • мәслихат шешімдерінің жобаларын, мәслихат депутаттарын іссапарға жіберу жөніндегі және мәслихат төрағасы немесе мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда міндеттерді жүктеу жөніндегі бұйрықтарды дайындайды;
    • депутаттардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
    • бекітілген заң талаптарына сай басқа да міндеттерді айқындайды.
    • мекеменің қаржы-шаруашылық құжаттарына бірінші қол қою құқығы аппарат басшысына беріледі.
    • аппарат басшысы өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады.
    1. Аппарат басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
    2. Аппарат басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

    4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

    1. Аппараттың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін. Аппараттың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
    2. Аппаратқа бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
    3. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Аппарат өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

    5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

    1. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
    Жүктеу
    23b8c8ff5be77dc0611524cd73899294_original.20764.docx
    DOCX · 20 КБ
    Жүктеу