Зейнетақы жинақтары – өз бақылауыңызда: БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілуде

    "Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің аппараты" КММ

    2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне [1] енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегиялары мен инвестициялық портфельдерді өз бетінше таңдау құқықтарын едәуір кеңейтеді. Енді салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

    Жаңашылдықтардың мақсаты – ең қолайлы инвестициялық стратегиясы мен табыстылық тарихы бар ИПБ-ны таңдау арқылы жинақтарды басқарудың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру.

    Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) салымшылары, сондай-ақ пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) мен ЕЗЖ аударылатын жеке тұлғалар сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін өз бетінше айқындауға, бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді таңдауға мүмкіндік алады.

    Таңдау мүмкіндігі арта түседі

    Заңнамаға сәйкес әрбір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, инвестициялар құрылымы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін (консервативті, теңгерімді және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Үш түрлі портфельдің болуы инвестицияларды салымшының жасына және жеке мүдделеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Ал жинақтарды бірнеше ИПБ арасында бөлу құқығы олардың табыстылығының ауытқуына тәуелділікті азайтады.

    ИПБ-ның инвестициялық портфельдерін қалыптастыруға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) айқындайды.

    Барлық ақпарат – бір платформада

    Салымшыларға қолайлы болу үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты негізгі ақпаратты біріктіретін invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Платформа табыстылық туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, белгіленген кезеңдер бойынша әртүрлі басқарушылардың (ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ-лардың) басқаруындағы инвестициялық портфельдердің көрсеткіштерін динамикада салыстыруға мүмкіндік береді.

    Салымшы инвестициялық портфельдерді бағалап, өзінің мүддесі мен инвестициялық мақсаттарына сәйкес басқарушыны және оның инвестициялық стратегияларын дербес таңдай алады.

    Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға қалай беруге болады?

    Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат етілген инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) тізілімінен басқарушы компанияны таңдауы және өтініш беруі қажет. (Толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға аудару – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған.)

    Өтінішті:

    • kz сайтындағы жеке кабинет арқылы (электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып);
    • жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну арқылы БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде беруге болады.

    Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға беру, бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру немесе жинақтарды ИПБ-дан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруына қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық мына сілтеме бойынша орналастырылған: https://www.enpf.kz/kz/services/Invest/22218/.

    Өтініштің орындалу мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинеттен («Өтініштер» бөлімі) қадағалауға болады. Өтініштерді қабылдау және өңдеу үдерісі толық автоматтандырылған. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде БЖЗҚ арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыруға немесе оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтаруға жинақтар инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берілген күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін ғана рұқсат беріледі.

    ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктері

    Зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюі салымшының жауапкершілігінің де артуын білдіреді. ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі. Ол ұсынылатын инвестициялық стратегияны, инвестициялық портфельдің құрылымын, тәуекел деңгейін және активтерді басқару нәтижелерін өз бетінше бағалайды.

    Заңнамада зейнетақы жинақтарын қорғаудың кешенді жүйесі көзделген:

    • ИПБ-ның қаржылық жауапкершілігі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстылықтың эталоны ретінде қолданылатын композиттік индекстер жүйесі енгізілді. Егер инвестициялық портфельдің табыстылығы белгіленген бағдардан төмен болса, басқарушы компания айырманы өз капиталы есебінен салымшыға өтеуге міндетті.
    • Тәуелсіз кастодиан-банк. Барлық активтер кастодиан-банкте (тәуелсіз ірі банкте) сақталады. Ол активтердің заңнама талаптарына сәйкес орналастырылуын бақылайды. Бұл ретте активтер салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) есепке алынуын жалғастырады және ИПБ-ның меншікті активтерінен бөлек сақталады. ИПБ банкрот болған жағдайда салымшылардың зейнетақы активтері оның міндеттемелерін орындауға пайдаланылмайды.
    • Инвестициялық шектеулер және әртараптандыру. Реттеуші ИПБ инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін белгілейді. Олардың қатарына Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың үлестік және борыштық бағалы қағаздары, сондай-ақ тиісті кредиттік рейтингі бар екінші деңгейдегі банктер мен бейрезидент-банктердегі салымдар кіреді. Жоғары тәуекелді цифрлық және криптоактивтер бұл тізбеге енгізілмеген, сондықтан зейнетақы жинақтарын оларға инвестициялауға жол берілмейді. Сонымен қатар заңнамада инвестициялау лимиттері белгіленген. Әрбір ИПБ реттеуші талаптарын ескере отырып, өзінің инвестициялық декларациясында басқару стратегиясын дербес айқындайды.
    • Басқарушы компанияларға қойылатын талаптар. Зейнетақы активтерін басқаруға қаржылық тұрғыдан орнықты ИПБ ғана жіберіледі. Ол реттеушінің капитал жеткіліктілігіне, клиенттердің активтерін басқару тәжірибесіне, сондай-ақ ірі акционерінің немесе рейтингі «BBB» деңгейінен төмен емес бейрезидент акционерінің болуына қатысты реттеушінің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген ИПБ-лар тізілімі ҚНРДА мен БЖЗҚ-ның ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқару алты компанияның құзыретінде: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ [2], «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ. ИПБ тізілімнен шығарылған жағдайда салымшылардың зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.

    [1] ҚР Әлеуметтік кодексінің 37-1 бабы, 4-тармағы

    [2] "Halyk Global Markets" АҚ 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару туралы шартты бұзу туралы хабарлама жіберді. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқармасына ауыстыру туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды.

    Жүктеу
    39d6baeb140115671448236cb6a36f02_original.70492.docx
    DOCX · 69 КБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Ақпарат

    "Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің аппараты" КММ-нің 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасы бойынша «2026-2028 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №31/275-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы 2026 жылғы 14 тамыздағы №38/338-VIII шешімі.

    Ақпарат

    Дауыс беру кез келген уақытта аяқталуы мүмкін сайлау учаскелерінің тізбесін бекіту туралы

    «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 38-бабы 3-тармағының негізінде учаскелік сайлау комиссияларының ұсынуы бойынша сайлау комиссиясы ШЕШТІ: Егер тізімге енгізілген с...

    Ақпарат

    2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның демографиялық сипаттамасы және болашаққа болжамдар

    2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 20,5 млн адамға жетті. Оның ішінде 25 жасқа дейінгі азаматтар – 8,79 млн адам (42,9%), 25 жастан 65 жасқа дейінгілер – 9,73 млн адам (47,5%), 65 жаст...

    Ақпарат

    Зейнетақы жинақтарын тұрақты түрде қалыптастыратын қазақстандықтардың саны артып келеді

    Қазақстанда азаматтардың лайықты зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты саналы көзқарасы жыл санап дамып келеді. Бұл үрдіс басқа елдерде әлдеқашан қалыптасқан тәжірибе. Зейнетақы жинақтарын өзінің қартайған кездегі әл-ауқа...

    Ақпарат

    БЖЗҚ-ның халыққа жыл басынан бері көрсеткен қызметтерінің 98%-дан астамы цифрлық форматта жүргізілді

    «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ, Қор) – Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірыңғай операторы, ол зейнетақы жинақтарының сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Оның негізгі міндеті – азаматтар...

    Ақпарат

    2014 жылдан бастап БЖЗҚ салымшылары үшін 11,15 трлн теңгеден астам инвестициялық кіріс алынды

    2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 01.04.2014 жылдан (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) бастап жинақталған ҚРҰБ тапқан таза инвестициялық табыс 11,15 трлн теңгеден асты. Оның салымшылардың (алушылард...

    Ақпарат

    БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ САУАЛДАР

    Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін азаматтардың зейнетақы жинақтарыменне болмақ? Олардың сақталуына кепілдік беріле ме? Бұл кепілдік немен қамтамасыз етіледі? Әлеуметтік кодекстің 217-бабынд...

    Ақпарат

    Отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,09 трлн теңгеге жетті

    Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 шілдесіне 28,09 трлн теңгеболды. 12 айдағы өсім – 4,08 трлн теңгенемесе 17,0%. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейн...