"Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 3 сәуірдегі № 118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 7 сәуірде № 38349 болып тіркелді
Қазақстан Республикасының |
"Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
- Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;
2) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшесі;
3) жер учаскесі – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекараларда бөлінген жер бөлігі;
4) "цифрлық үкіметтің" веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинет) – жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, көрсетілген тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша ресми цифрлық өзара іс-қимылына арналған "цифрлық үкіметтің" веб-порталының құрамдасы;
5) "цифрлық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер орналастыратын шоғырландырылған ақпаратқа, сондай-ақ электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің "бірыңғай терезесін" білдіретін цифрлық объект;
6) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.
2-тарау. "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі
- Мемлекеттік қызметті облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.
"Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген.
- Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекітуге арналған өтінішті және Тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдау портал арқылы жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті алушы Тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады.
- Көрсетілетін қызметті берушілер порталда тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы бір реттік құпиясөзді беру жолымен немесе портал хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда, іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен цифрлық құжаттарды алады.
Ақпараттық жүйелерде қамтылған дербес деректер мен заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді өңдеуді көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының келісімімен порталда тіркеу барысында жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе және мемлекеттік қызмет көрсету күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
- Көрсетілетін қызметті алушының құжаттары келіп түскен кезде:
1) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның кеңсе жұмыскері Тізбеде көрсетілген құжаттарды қабылдауды және тіркеуді өтінішті қабылдаған күні жүзеге асырады;
2) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басшысы не оны алмастыратын адам құжаттардың мазмұнымен танысады, бұрыштама қояды және оларды өтініш қабылданған күні жұмыс істеу үшін жауапты орындаушыға береді;
3) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жауапты орындаушысы құжаттарды тіркеген сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыстығын тексереді;
мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жауапты орындаушысы жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрық дайындайды және оны жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басшысына не оны алмастыратын адамға 1 (бір) жұмыс күні ішінде жібереді;
4) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басшысы не оны алмастыратын адам 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекітеді не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауапқа қол қояды;
5) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның кеңсе қызметкері жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басшысы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне қол қойған сәттен бастап 15 (он бес) минут ішінде жер учаскесін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрықты не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауапты тіркеуді жүзеге асырады және жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган басшысының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат түрінде портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жібереді.
- Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті алушыға, мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі не көрсетілетін қызметті беруші арқылы беріледі.
- Көрсетілетін қызметті беруші деректердің мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қағидаларға енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты "цифрлық үкіметтің" цифрлық инфрақұрылымы операторына, көрсетілетін қызметті берушіге және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.
- Цифрлық жүйе істен шыққан кезде көрсетілетін қызметті беруші цифрлық инфрақұрылымға жауапты көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшесінің жұмыскерін дереу хабардар етеді.
Цифрлық инфрақұрылымға жауапты жұмыскер техникалық проблема туралы хаттама жасайды және оған көрсетілетін қызметті беруші қол қояды.
- Көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады.
3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
- Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
Шағым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 91-бабына сәйкес келіп түскен жағдайда көрсетілетін қызметті беруші оны келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды қарайтын органға (жоғары тұрған әкімшілік органға және (немесе) лауазымды адамға) жібереді. Көрсетілетін қызметті беруші 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы акт қабылданған, әкімшілік әрекет жасалған жағдайда шағымды қарайтын органға (жоғары тұрған әкімшілік органға және (немесе) лауазымды адамға) шағымды жібермейді
- Көрсетілетін қызметті алушының шағымын Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес:
көрсетілетін қызметті беруші – тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;
мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – ол тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауы тиіс.
Көрсетілетін қызметті берушінің, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:
1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;
2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда, шағымды қарау жөнінде өкілеттік берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды берген көрсетілетін қызметті алушыға жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) ұзарту себебін көрсете отырып шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы хабарлайды.
- Егер заңда өзгеше көзделмесе, ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
"Жер учаскелерін қалыптастыру |
"Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі
1 |
Көрсетілетін қызметті берушінің атауы |
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші). |
2 |
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері |
"Цифрлық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы. |
3 |
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі |
4 (төрт) жұмыс күні. |
4 |
Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны |
Электрондық (ішінара цифрландырылған). |
5 |
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі |
Жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрық не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап. |
6 |
Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері |
Тегін. |
7 |
Көрсетілетін қызметті берушінің және цифрлық объектілердің жұмыс графигі |
Порталдың – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады). Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары: 1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің www.gov.kz интернет-ресурсында; 2) көрсетілетін қызметті берушінің www.gov4c.kz интернет-ресурсында; 3) порталда орналастырылған. |
8 |
Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі |
1) көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекітуге өтініш; 2) жерге орналастыру жобасының электрондық көшірмесі. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы, жеке басты куәландыратын құжат туралы, не дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы, мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін ақы төлеу туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден талап етеді. |
9 |
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер |
1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы; 2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасы Жер кодексінде және "Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 3 маусымдағы № 180 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28399 болып тіркелген) белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі. |
10 |
Мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қойылатын өзге де талаптар. |
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдың "жеке кабинеті", сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары порталда көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777. |
"Жер учаскелерін қалыптастыру |
Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекітуге өтініш
Жерге орналастыру жобасын әзірлеуші-заңды тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі немесе толық атауы |
Жер учаскесіне құқық беру туралы өтініш білдірген жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі немесе заңды тұлғаның атауы |
Жерге орналастыру жобасының атауы |
Жер учаскесінің мекенжайы (орналасқан жері) |
Жер учаскесінің сұратылған нысаналы мақсаты және алаңы, гектар |
Жерге орналастыру жобасы даналарының саны, жер комиссиясы хаттамасының нөмірі мен күні |
Төмен тұрған жергілікті атқарушы органның шешімі нөмірі мен күні |
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
Жерге орналастыру жобасы мемлекет жер учаскесіне жеке меншік құқығын немесе жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген жағдайда жер пайдалану құқығын берген кезде дайындалды.
Цифрлық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.
Көрсетілетін қызметті алушы ___________________________________
(аты, әкесінің аты (бар болса), тегі), электрондық цифрлық қолтаңбасы