МФБК МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫ МЕН ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУДЕ

    ·

    Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті.

    Онда Комитеттің негізгі бағыттары бойынша қызметінің нәтижелері қаралды: медициналық көмек сапасы, пациенттердің құқығын қорғау, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау, дәрілік заттардың қауіпсіздігі және бақылаудың цифрлық құралдарын дамыту.

    Мемлекеттік бақылау рөлін күшейту

    Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы уақытта Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің рөлін күшейту және оның қадағалау функцияларын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

    «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, біз «Заң және тәртіп» қағидатын мүлтіксіз жүзеге асыруды қамтамасыз етіп отырмыз. Әрбір анықталған заң бұзушылық фактісі тиісті бағасын алуы тиіс, ал азаматтардың сапалы және қауіпсіз медициналық көмек алу құқығы сенімді қорғалуы керек», — деп баса айтты Министр.

    Бүгінде Комитет медициналық көмек сапасына, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымының қауіпсіздігіне бақылау жасайтын толыққанды мемлекеттік орган болып табылады.

    2025 жылдан бастап қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға мемлекеттік қадағалау күшейтілді. 2027 жылдан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласында да осындай тәсілді енгізу жоспарлануда.

    Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Комитеттің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын баяндады.

    Өз баяндамасында ол мемлекеттік бақылауды дамыту, қадағалау процестерін цифрландыру, тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу, медициналық көмек сапасы жүйесін жетілдіру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қауіпсіздігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелерін атап өтті.

    Азаматтардың өтініштері — медициналық көмек сапасын арттырудың маңызды құралы

    Жиынның негізгі мәселелерінің бірі — азаматтардың өтініштері болды.
    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Комитетке 14 364 өтініш келіп түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (9 957 өтініш) 44%-ға артық.

    Өтініштердің негізгі бөлігі мына мәселелерге қатысты:
    • медициналық көмек сапасы — 4 694 өтініш (33%);
    • медициналық көмекті ұйымдастыру — 2 371 өтініш (17%);
    • басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелер — 3 026 өтініш (21%).

    Өтініштердің ең жоғары өсімі басқа мәселелер бойынша — 98%-ға, басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша — 61%-ға, этика және деонтология бойынша — 51%-ға, медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша — 49%-ға, медициналық көмек сапасы бойынша — 40%-ға байқалды.

    Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша өтініштер саны 22%-ға төмендеді, бұл оларды көрсету процестерінің жетілдірілгенін көрсетеді.

    Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов атап өткендей, азаматтардың өтініштері денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар туралы маңызды ақпарат көзі болып табылады.

    «Әрбір өтініш қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз — тек шағымдарды қарастыру ғана емес, сонымен қатар бұзушылықтарға әкелетін себептерді жою бойынша шаралар қабылдау», — деді Бауыржан Жүсіпов.

    Өтініштердің ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында — 104%, Батыс Қазақстан облысында — 103%, Атырау облысында — 93% тіркелді.

    Бұл ретте талдау көрсеткендей, өтініштердің бір бөлігі жекелеген өтініш берушілердің қайталама және жаппай жолдаған өтініштеріне байланысты. Мысалы, медициналық куәландыру мәселелері бойынша 700-ге жуық өтініш келіп түссе, оның 600-ге жуығын 12 өтініш беруші жолдаған.

    Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде кейбір бағыттар бойынша шағымдар санының азайғаны байқалады. Мәселен, Қарағанды облысында шағымдар саны 16%-ға төмендеді.

    Денсаулық сақтау министрі азаматтардың өтініштерімен жұмысты күшейтуді, шағымдардың себептеріне талдау жасауды және өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, жүйелі мәселелерді жою бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

    Ана өлімі мәселелеріне және жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасына ерекше назар аударылды.

    Медициналық ұйымдарға мемлекеттік бақылау күшейтілді

    Комитет жоспардан тыс тексерулерді, ана өлімі жағдайларын тергеуді, медициналық ұйымдарды кешенді тексеруді және денсаулық сақтаудың жекелеген бағыттарына мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық қызмет көрсету саласындағы тексерулер саны 21,7%-ға — 769-дан 936-ға дейін артты.

    Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласында тексерулер саны 56%-ға — 117-ден 182-ге дейін өсті.

    Ана өлімі бойынша 9 тергеу жүргізіліп, 28 денсаулық сақтау нысаны тексерілді, 12 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 18 ұсыным берілді.

    Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі аясында 511 өтініш қаралды. 400 жағдай бойынша медициналық инциденттер анықталып, 90 жағдай бойынша 389 млн теңгеден астам сомаға сақтандыру төлемдері жүзеге асырылды.

    Сондай-ақ, наркологиялық қызметтің қызметіне мониторинг және пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін ұйымдарды тексеру жалғасуда.

    Цифрлық технологиялар бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі

    Комитет жұмысының негізгі бағыттарының бірі — цифрлық профилактикалық бақылауды дамыту.

    Тәуекелдерді басқару жүйесінде (ТБЖ-2.0) медициналық ұйымдардың қызметіне автоматты талдау жүргізіледі, бұл тексеруге бармай-ақ, ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

    Жүйе мыналарды талдайды:
    • қажетті рұқсат беру құжаттарының болуы;
    • мамандар біліктілігінің белгіленген талаптарға сәйкестігі;
    • кадрлық қамтамасыз етілуі;
    • медициналық көмекті ұйымдастыру талаптарының сақталуы.

    Бүгінгі таңда лицензиялау, ресурстық қамтамасыз ету, клиникалық қызмет және медициналық көмектің қолжетімділігі мәселелерін қамтитын 60 тәуекел индикаторы әзірленді.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында профилактикалық бақылаумен (барып тексерусіз) қамтылған медициналық ұйымдардың саны 66-дан 250-ге дейін өсті.

    Цифрлық құралдарды пайдалану бұзушылықтарды анықтаудан олардың алдын алуға көшуге мүмкіндік береді және медициналық ұйымдарға кемшіліктерді уақтылы жоюға көмектеседі.

    Дәрілік заттардың қауіпсіздігін бақылау күшейтілді.

    Комитет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы саласында цифрлық бақылауды дамытуды жалғастыруда.

    «Тауарларды таңбалау және қадағалау» жүйесі дәрілік препараттардың қозғалысын бақылауға және ықтимал бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді, оның ішінде:
    • дәрілік заттарды айналымнан қайталап шығару;
    • мемлекеттік бағдарламалар аясында сатып алынған препараттарды сату;
    • жарамдылық мерзімі өткен дәрілердің болуы;
    • белгіленген бағадан асырып сату.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ұйымдарға бармай-ақ 716 профилактикалық іс-шара өткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 еседен астамға көп.

    Субъектілерге анықталған мәселелерді жою бойынша 699 ұсыным жіберілді, оның 452-сі қазірдің өзінде орындалды.

    Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, цифрлық шешімдерді қолдану фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттыруға және дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін тиімдірек бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Қазақстанның дәрі-дәрмекті бақылау жүйесі ДДСҰ мойындауына ие болды

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалау қорытындысы бойынша, Қазақстанның дәрілік заттар айналымы саласындағы реттеуші жүйесі жетілудің үшінші деңгейіне жетті.

    Бұл ұлттық жүйенің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды және фармацевтикалық реттеуді дамыту бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрілік заттар өндірушілеріне 18 фармацевтикалық инспекция жүргізілді, оның 16-сы тәуекелге негізделген тәсілді қолдану арқылы іске асты.

    Дәрілерді тіркеу ыңғайлы бола түсуде

    Комитет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді жетілдіруді жалғастыруда.

    «Бір терезе» қағидатын енгізу фармацевтикалық нарыққа қатысушылар үшін рәсімдерді ыңғайлы әрі ашық етеді.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 820 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелді.

    Сондай-ақ мынадай құжаттар берілді:
    • 1 359 қауіпсіздік қорытындысы;
    • фармацевтикалық қызмет саласындағы 860 лицензия;
    • 1 289 маман сертификаты.

    «Бір терезе» тетігін дамыту аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жеделдетілген сараптама жүргізуге 57 шарт жасалды.

    Аккредиттеуді дамыту арқылы медициналық көмек сапасын арттыру

    Комитет медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру құралдарының бірі ретінде медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйесін жетілдіруді жалғастыруда.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша, ТМККК және МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін 1 239 медициналық қызмет жеткізушінің 743-і аккредиттелді.

    Аккредиттеумен қамту 60%-ға жетті, бұл 2026 жылға арналған нысаналы көрсеткішке сәйкес келеді.

    Комитет аккредиттеу жүйесін одан әрі дамыту бойынша мынадай шараларды жүзеге асыруда:
    • аккредиттеу функциясын мемлекеттік секторға қайтару;
    • ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық қызмет жеткізушілер үшін аккредиттеуді міндетті ету;
    • аккредиттеу және аккредиттеуден кейінгі мониторинг рәсімдерін күшейту.

    Ұқсас материалдар

    Тізілім

    ЕАЭО бойынша бекітілген құжаттар

    № Тауарлық атауы Компания Тіркеу куәлігінің нөмірі Бекітілген күні 1 Акнекутан® ЯДРАН-ГАЛЕНСКИ ЛАБОРАТОРИЙ а.о., Хорватия ЛП-№005673-ГП-KZ 16.07.2026 2 Каптоприл-Боримед Открытое акционерное общество «Борисовский завод м...

    Жарияланды:
    Тізілім

    «Фармацевтикалық инспектораттың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының 2021 жылғы 27 тамыздағы № 365-НҚ бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

    «Фармацевтикалық инспектораттың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының 2021 жылғы 27 тамыздағы № 365-НҚ бұйрығына өз...

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу «бір терезе» қағидаты арқасында ыңғайлы бола түсуде

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу жүйесін жетілдіруді жалғастыруда. «Бір терезе» қағидатын енгізу фа...

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Ішкі конкурс бойынша конкурстық комиссия шешімі (Шымкент)

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Ішкі конкурс бойынша конкурстық комиссия шешімі (Комитет)

    Жарияланды:
    Ақпарат

    График собеседования по внутреннему конкурсу (Шымкент)

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Ішкі конкурс бойынша әңгімелесуге жіберу (Шымкент)

    Жарияланды:
    Кесте

    2026 жылғы шілдеге арналған тиісті фармацевтикалық практикалар талаптарына сәйкестігіне объектілерді инспекциялау кестесі

    Жарияланды: