2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын (бұдан әрі – ҚЭК) салу бойынша инвестициялар туралы келісімдер (бұдан әрі – ИТК) жасалды. ИТК аясында аталған қалаларда электр энергиясына 1 кВт/сағ үшін 55 теңге мөлшерінде тариф белгіленді.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізудің мақсаты – қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, қалдықтарды көму полигондарына түсетін қалдықтар көлемін азайту, қалдықтарды кәдеге жарату саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және соның нәтижесінде қоршаған ортаға қалдықтардың теріс әсерін төмендету.
Бүгінде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары Еуропаның көптеген елдерінде, Корея Республикасында, Қытай Халық Республикасында, Жапонияда және басқа да мемлекеттерде табысты жүзеге асырылуда.
Қазақстанда іске асырылатын жобалар Еуропалық Одақтың өнеркәсіптік шығарындылар жөніндегі директивасының талаптарын сақтауды көздейді, бұл атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындыларын барынша азайтуды қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты қазіргі уақытта облыс орталықтарында әлеуетті инвесторлармен осындай шарттарда тікелей инвестициялар туралы келісімдер жасасу мәселесі қарастырылуда.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасы аумағында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобаларын іске асыруға ниеті мен дайындығы бар мүдделі инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауға және олардың бастамаларын жан-жақты пысықтауға дайын екенін білдіреді.